Қайтыс болған мүгедек жанның көмекшісіне жарты жыл ақша төленіп келген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Шу ауданында қайтыс болған мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетілгені үшін әкімдіктен ақша бөлініп келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ прокуратурасына сілтеме жасап.

Шу ауданаралық прокуратурасы әкімдіктің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімін тексеріп, қайтыс болған мүгедектерді оңалту қызметі үшін бюджеттен заңсыз қаражат бөлініп отырғанын анықтаған. Мәселен, бірінші топтағы мүгедек санатындағы азамат К.-ға жыл соңына дейін жеке көмекші келіп тұруы керек болған. Әлеуметтік қызметкерге айына 15 мың теңге төленуі тиіс еді.

«К.осы жылдың 25 қаңтарында қайтыс болғанына қарамастан, қаңтар айынан шілдеге дейін жеке көмекшіге мемлекеттік бюджеттен заңсыз ақша төленіп келген. Осылайша, мемлекетке зиян келтірілген», - деп хабарлады облыстық прокуратурадан.

Аталмыш факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бөлек, әлеуметтік көмекшіге мұқтаж бірінші топтағы 6 мүгедекке тиісті қызметтер ұсынылмаған. Сондай-ақ, жұмыспен қамтылған 16 мүмкіндігі шектеулі азаматтан 1,3 млн теңге көлемінде табыс салығы ұсталып келгені анықталды.

«Прокуратура қабылдаған шаралардың арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар оңалту қызметімен қамтамасыз етілді. Заңсыз алынып келген қаражат толық қайтарылды. Кінәлі лауазымды адамдар жауапкершілікке тартылды», - деді прокуратурадан.


Соңғы жаңалықтар