Қайтадан сайланған Президент қызметіне кірісіп, бірқатар өңірде кадрлық ауыс-түйіс болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы аптада 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында халықтың 81,31 пайызының сеніміне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев ант беріп, қызметіне ресми кірісті. Ал Ресейдегі Елші қызметінен зейнеткерлікке шыққан Иманғали Тасмағамбетов болса екі жылға жуықтаған үзілістен кейін жаңа лауазымға тағайындалды. Мұнан бөлек те елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Сонымен 7 жылдық мерзімге 1 рет қана сайланатын президенттік басқарудың жаңа үлгісін қолға алған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында туған. Әкесі – Кемел Тоқайұлы Тоқаев (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің детективті-шытырман оқиғалы жанрының негізін қалаушы. Шешесі – Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдері педагогикалық институтында қызмет еткен. 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институт бітірген. КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өткен. 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің лингвистика институтында тағылымдамадан өтті. 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдады.

Еңбек жолын 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде бастап, Кеңес Одағының Сингапур Республикасындағы елшілігіне жұмысқа жолданған. 1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына оралады. 1984-1985 жылдар аралығында КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарып, кейіннен Кеңес Одағының Қытай Халық Республикасындағы елшілігіне жіберілді. Онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында қызмет істейді.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалады. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды. 1994 жылы еліміздің Сыртқы істер министрі болып тағайындалады. 1999 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болды. 1999 жылғы қазанда Парламенттің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Премьер-Министр болып тағайындалды. 2002 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі болды. 2003-2007 жылдары – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі. Бұл қызметте жаһандық ядролық қару-жарақты таратпау үдерісіне белсенді атсалысты.

2007 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып сайланды. 2008 жылы Қазақстан Парламентінің жоғары палатасының спикері ретінде ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып сайланды.

2011 жылғы наурызда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып тағайындалды. Сонымен қатар Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын атқарды. ТМД-ның және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды.

2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып қайта сайланды.

2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант қабылдады.

2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. 2019 жылы 12 маусымда ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті.

2021 жылы сәуір айынан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы. 2022 жылы қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы. Төтенше және Өкілетті Елші. Саяси ғылымдарының докторы. Дүниежүзілік гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі. Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы «Ғұламалар кеңесінің» мүшесі. Шэньчжэнь университетінің (ҚХР) және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры. Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің құрметті президенті. Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы. Ресей биографиялық қоғамының тұжырымы бойынша 2018 жылдың «Жыл адамы» лауреаттарының тізіміне енген. 13 жыл бойы Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды.

Халықаралық қатынастар мәселелеріне арналған 10 кітаптың авторы. Қазақстан Республикасының және шет елдердің көптеген мемлекеттік наградаларымен, сондай-ақ медальдармен марапатталған.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалды. Бұл туралы ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мұрат Әбуғалиұлы НҰРТІЛЕУ 1976 жылы дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Халықаралық қатынастар саласы маманы. Дипломатиялық дәрежесі – бірінші сыныпты кеңесші. Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хаттама басқармасының референті, атташесі, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің атташесі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, Сыртқы істер министрі хатшылығының басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппараты басшысының орынбасары болып қызмет істеген.

2007-2011 жылдары Сенат аппаратының басшысы болып қызмет атқарды. 2011 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің директоры. Женевадағы (Швейцария Конфедерациясы) ҚР Тұрақты өкілдігінде кеңесші уәкіл (2011-2014);

ҚР Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары (2014-2016). Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі (2016 жылғы наурыздан), Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі (2017-2019) міндетін қоса атқарушы болды. ҚР Президентінің көмекшісі (2019-2021).

2022 жылдың 5 қаңтарында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.

2022 жылдың 1 ақпанында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалды. Бүгінгі күнге дейін сол қызметте болды.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы лауазымына Иманғали Тасмағамбетов тағайындалды.

Иманғали Нұрғалиұлы 1956 жылы 9 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысында дүниеге келген.

1991 жылдан - ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1993 жылдан - ҚР Президентінің көмекшісі. 1995 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 1997 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Білім және мәдениет министрі. 1997 жылдан - ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1998 жылдан - ҚР Президентінің бірінші көмекшісі. 1999 жылдан - Атырау облысының әкімі. 2000 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

2002 жылдан - ҚР Премьер-Министрі. 2003 жылы - ҚР Мемлекеттік хатшысы. 2004 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсан айынан 2008 жылдың сәуіріне дейін - Алматы қаласының әкімі. 2008 жылғы сәуір айынан бастап - Астана қаласының әкімі. 2014 жылдың қазанынан ҚР Қорғаныс министрі болды. 2016-2017 жылдары - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

2017 жылы Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.

Ал 2019 жылы 18 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Иманғали Нұрғалиұлы зейнет жасына толуына байланысты Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылған еді.

ҚР Қаржы министрлігінің Әдеп бойынша уәкілі лауазымына Бауыржан Тұяқов тағайындалды.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, Бауыржан Тұяқов бұл уақытқа дейін Халықаралық қаржылық қатынастар департаментінің бас сарапшысы қызметін атқарған.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне Гүлқасима Сүйентаева тағайындалды. Ол бұған дейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Гүлқасима Сүйінтаева 1964 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын, Алматы менеджмент университетін тәмамдаған. Мамандығы – экономист, іскерлік әкімшілік магистрі.

Еңбек жолын 1993 жылы Ақтөбе қалалық денсаулық сақтау бөлімінің есепшісі қызметінен бастады. Әр жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас есепшісі, Медициналық қызметтерге төлем жасау орталығының облыстық бөлімшесінің директоры, ҚР Денсаулық сақтау істері жөніндегі агенттігінде бухгалтерлік есеп, мемлекеттік сатып алу және инвестициялық бағдарламаларды талдау басқармасының бастығы-бас бухгалтері, Ақтөбе облысы бойынша қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасы бастығының орынбасары, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» РМК қаржы-экономикалық талдау және бухгалтерлік есеп бөлімінің бастығы - бас бухгалтері, ұйымдастыру-экономикалық жұмыстар бойынша директордың орынбасары болды.

Сонымен бірге ҚР денсаулық сақтау министрлігінің экономика және қаржы департаменті есеп-қисап және қаржыландыру басқармасының бастығы, департамент директоры, «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК ұйымдастыру-экономикалық мәселелері бойынша бас директорының орынбасары, «СК-Фармация» ЖШС қаржылық талдау бөлімінің бастығы, экономика және қаржы департаментінің директоры, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмыстары бөлімінің меңгерушісі (А корпусы), Ақтөбе облысының қаржы басқармасының басшысы болып қызмет атқарды. 2018 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі таңға дейін Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып еңбек етті.

Қызметін адал және нәтижелі атқарғаны үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгілерімен марапатталған.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Бота Серікқызы Елеусізова Алматы облысы ішкі саясат басқармасы басшысының лауазымына тағайындалды.

Бота Серікқызы 1975 жылы туған. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 2004 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтын аяқтаған. Еңбек жолын 1992 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылында «Надежда» агроөндірістік фирмасында бастаған.

Мемлекеттік қызметті 2002 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Түрген селолық округі әкімі аппаратының маманы лауазымынан бастаған. Әр жылдары осы округтің әкімінің орынбасары, әкімі болып еңбек еткен. 2019 жылдан Кеген ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Қазан айынан бастап облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы болды.

Болат Мұсылманбеков Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Болат Аманжолұлы 1963 жылы дүниеге келген. 1985 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын «сәулетші» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1985 жылы Семей қаласының мемлекеттік жобалау институтында сәулетші болып бастаған. Әр жылдары «Аякөз ауыл құрылысы» мекемесінің жобалау-сметалық тобы бөлімінің басшысы, Аякөз аудандық атқару комитетінің сәулет бөлімінің топ жетекшісі, Аякөз қаласының сәулет және қала құрылысы бас басқармасының 1-категориялық сәулетшісі, «Алматыбасжоспар» жобалау институтының 3-ші дәрежелі сәулетшісі, Алматы халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінде бас сәулетші, Алматы облысы жобалау-іздестіру басқармасының көлемді-жоспарлау шеберханасының басшысы қызметтерін атқарған.

2000 жылдан бастап «Күмбез» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болған.

Ұлытау облысының қаржы басқармасының басшысы болып Айнұр Сыздықова тағайындалды.

Айнұр Хамитбекқызы 1988 жылы 16 қарашада Қостанай облысында дүниеге келген. 2007 жылы Ақмола қаржы-экономикалық колледжін, 2010 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2013 жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін тәмамдаған.

2007 жылғы желтоқсаннан бастап мемлекеттік қызметте. Әр жылдары Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаментінде, ҚР Қаржы министрлігі бюджеттік жоспарлау департаментінің бюджеттік жоспарлау басқармасында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қаржы департаментінде жұмыс істеген. 2022 жылдан бастап Ұлытау облысының қаржы басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарып келген.

Ұлытау облыстық экономика басқармасының басшысы болып Виктория Ставицкая тағайындалды.

Виктория Ставицкая 1972 жылы 30 сәуірде Ұлытау ауданы Қарсақпай кентінде дүниеге келген. Целиноград қаржы-экономикалық техникумын, 2001 жылы О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1990 жылы Никольск мемлекеттік сақтандыру инспекциясында II санатты инспектор болып бастаған. Сәтбаев қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде, Сәтбаев қаласының қаржы бөлімінде, Жезқазған қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде, Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөлімінде әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. Осы уақытқа дейін Ұлытау облысының қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарған.


Соңғы жаңалықтар