«Қайсар» украиналық командадан ойсырай жеңілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорданың «Қайсар» футбол командасы Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны барысында украиналық «Деснамен» кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Украинаның Чернигов қаласының «Десна» командасы 1960 жылы құрылған. Алғашқы жылы «Авангард» атауымен сынға түскен команда 1961 жылдан бері қазіргі атауымен ойнап келеді. 2018/2019 жылғы футбол маусымында тұңғыш рет Украина Премьер-лигасында ойнауға мүмкіндік алды. Қазір алтыншы орында тұр.

Бүгінгі кездесуде «Қайсар» әрбір кезеңге жаңа құрамды ойынға қосты. Алғашқы кезеңде Александр Григоренко, Куле Мбомбо, Абдель Азиз Ламанж, Марин Оршулич, Александр Марочкин, Ілияс Әмірсейітов, Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев, Джон Джошуа, Тигран Барсегян, Мақсат Байжанов шықты.

Қызылордалық футболшылар бірінші кезеңде көп қателікке бой алдырды. Соның салдарынан өз қақпасына екі гол жіберіп алды. Шабуылға шыққанымен таразы басын теңестіре алған жоқ.

Болгар маманы Стойчо Младенов екінші кезеңге Марсель Исламкұлов, Марат Хайруллин, Иван Граф, Марк Гурман, Бекзат Құрманбекұлы, Олжас Алтаев, Шоқан Абзалов, Карлитос, Игорь Зенькович, Братислав Пуношевац, Валентин Чуреевті қосты. «Қайсар» жігіттері таразы басын теңестіруге барынша ұмтылды. Әйтсе де оған украин футболшылары төтеп берді. Ақыры, біздің жігіттер өз қақпасынан тағы да екі доп алып шығуға мәжбүр болды. Кездесу 0:4 есебімен «Қайсардың» жеңілісімен аяқталды.

«Қайсар» бұдан бұрын ресейлік «Балтикадан» жеңіліп қалған еді.

«Қайсар» енді Түркияда өтіп жатқан екінші оқу-жаттығу жиыны барысында бес ойын өткізеді. Алдымен 12 ақпанда Ресейдің «Крылья Советов» (Самара) командасымен кездессе, 15 ақпанда Болгарияның «Царско Село» және Грузияның «Вит» командаларымен шеберлік байқасады. Сондай-ақ, 18 ақпанда Грузияның «Сабуртало», 21 ақпанда Түрікменстанның «Алтын Асыр» командаларымен шеберлік байқасады. Қызылордалық футболшылар 22 ақпанға дейін Түркияда жаңа маусымға дайындық жүргізеді.

Соңғы жаңалықтар