«Қайсар» құрамы сербиялық ойыншымен толықты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат  - Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы жаңа ойыншымен толықты. Командаға сербиялық шабуылшы Братислав Пуношевац келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Братислав Пуношевац 1987 жылдың 9 шілдесінде Сербияның Крушевац қаласында дүниеге келген. Ол өз елінің «Копаоник» және «Партизан» клубтарының жастар құрамында үлкен футболға қадам басқан. 2005 жылы кәсіби карьерасын «Напредак» командасында бастады. Аталмыш клубта 2010 жылға дейін ойнап, 64 ойында 13 гол соқты. 2011-2013 жылдарда Румынияның «Оцелул» клубында доп теуіп, одан кейін сол елдің «Тыргу-Муреш», Жапонияның «Ависпа Фукуока», Сербияның «Раднички», Венгрияның «Гонвед» және «Бекешчаба» командаларының жейдесін киді.

Үстіміздегі жылдың басында Петропавлдың «Қызылжар» клубымен келісімшартқа қол қойды. Биыл ол команда сапында 15 ойында 4 гол соқты. 

«Жақында ел біріншілігінде трансферлік кезең басталды. Біз команда құрамын күшейтуге мән беріп отырмыз. Қазақстандық және шетелдік ойыншыларды команда құрамына тартамыз», - деді «Қайсар» командасының бас бапкері Стойчо Младенов.

Айта кетелік,  жақында шабуылшы Йоанн Аркин «Қайсар» құрамынан кетті. Команда сапынан кетуі мүмкін тағы ойыншылардың бары айтылуда. Бірақ олардың есімдері әзірге жарияланып отырған жоқ.

 

 

Соңғы жаңалықтар