«Қайсар» Грузия командасына есе жіберді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорданың «Қайсары» Түркияда грузиялық ВИТ-«Джорджия» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ВИТ-«Джорджия» командасының тарихы 1968 жылдан басталады. Отыз жылға жуық «Моркинали» атауымен сынға түсті. 1997 жылдан бері қазіргі атауымен өз елінің біріншілігінде бақ сынап келеді.

Бүгінгі кездесу өте тартысты өтті деуге негіз бар. Барлығы бес гол соғылды. Алғашқы голды грузин футболшылары өздерінің еншісіне жазды. Бұл - ойынның 12-минуты болатын. Ал 31-минутта «Қайсар» таразы басын теңестірді. Сол уақытта сол қанаттан бұрыштама добы берілген еді. Әуелете берілген допқа бәрінен биік секірген шабуылшы Шоқан Абзалов жетті. Ол допты баспен ұрып, қақпа торын бүлк еткізді. Есеп - 1:1.

Дегенмен, арада жеті минут өткенде «Қайсардың» бүгінгі қарсыласы тағы да алға шықты. Бірінші кезең аяқталар сәтте таразы басы теңесті. «Қайсардың» армениялық жартылай қорғаушысы Тигран Барсегян мергендік танытты. Ал 62-минутта ВИТ-«Джорджия» командасы тағы бір гол соғып кетті.

«Қайсар» бүгінгі екінші кездесуде де жеңілді. Естеріңізге сала кетелік, бүгін түске дейін қызылордалық клуб Болгарияның «Царско Село» командасына есе жіберген еді. Одан бұрын Украинаның «Десна» және Ресейдің «Крылья Советов» командаларынан жеңіліп қалған еді.

«Қайсар» енді 18 ақпанда Грузияның «Сабуртало», 21 ақпанда Түрікменстанның «Алтын Асыр» командаларымен шеберлік байқасады. Қызылордалық футболшылар 22 ақпанға дейін Түркияда жаңа маусымға дайындық жүргізеді.

Соңғы жаңалықтар