«Қайсар» футболшылары украиналық командадан жеңіліп қалды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорданың «Қайсары» Түркияның Анталия қаласында Украинаның «Олимпик» командасымен жолдастық кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Олимпик» командасы 2001 жылы құрылған. Украинаның Донецк қаласы атынан сынға түседі. Алғашқыда сол елдің футболдан бірінші және екінші лигасында сынға түскен аталмыш клуб соңғы бес жылдан бері тұрақты түрде Премьер-лигада үздіктер қатарында сынға түсіп келеді. 2016-2017 жылғы футбол кезеңінде төртінші орын алды. Соның нәтижесінде Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінде Грекияның ПАОК клубымен кездесті. Өз алаңында 1:1 есебімен тең түскен украин футболшылары сырт алаңда қарсыластарына 0:2 есебімен есе жіберіп қойды.

«Қайсардың» бас бапкері Стойчо Младенов бүгінгі кездесу барысында аралас құрамды жасыл алаңға шығарды. Бірінші кезеңде қақпаны Александр Григоренко күзетсе, Айбол Жахаев, Абдель Ламанж, Иван Садовничий, Ілияс Әмірсейітов секілді қорғаушылар оған көмек берді. Жартылай қорғаныста Бекзат Кұрманбекұлы, Асхат Тағыберген, Мақсат Байжанов сынды жігіттер ойын көрсетіп, шабуылға Джон Джошуа, Өркен Махан мен Куле Мбомба шықты.

Есепті алғаш «Олимпик» футболшылары ашты. Ойынның 17-минутта олардың сапынан Максим Дегтярев «Қайсар» қақпасынан саңылау тауып кетті. Ал 21-минутта қызылордалық клубтың жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген пенальтиден таразы басын теңестірді. Кездесудің 28-минутында украиналық Иван Сондей өз командасын алға шығарды.

Екінші кезеңде «Қайсар» қақпасын жергілікті футболдың түлегі Нұрымжан Салайдин қорғаса, қорғаныста Валентин Чуреев, Иван Граф, Марин Оршулич, Олжас Алтаев қызмет көрсетті. Жартылай қорғаныста Шоқан Абзалов, Марк Гурман, Думан Нәрзілдаев, Марат Хайруллин, Игорь Зенькович болса, шабуыл шебінде Братислав Пуношевац бой көрсетті.

Екінші кезеңде қызылордалық футболшылар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен діттеген мақсатына жете алған жоқ. Есесіне өз қақпасына гол жіберіп алды. Оны 67-минутта «Олимпик» ойыншысы Антон Шиндер орындады. Кездесу 3:1 есебімен «Олимпик» жеңісімен аяқталды.

«Қайсар» қаңтардың алғашқы күндерінен бастау алған оқу-жаттығу жиынынын алғашқы күндері клуб басшылығы жартылай қорғаушы Марат Хайруллин, қорғаушы Иван Садовничий келісім шартқа отырды. Сондай-ақ, былтырғы жылы ойын көрсеткен 15 футболшымен келісім-шарт мерзімін ұзартты. Одан кейін команда құрамына хорватиялық қорғаушы Марин Оршулич қосылды. Аруба құрамасының жартылай қорғаушысы Джон Джошуа биыл «Қайсар» құрамын толықтырды. Ал 22 қаңтарда «Қайсар» конголық Куле Мбомбомен келісімшартқа отырды.

Енді қызылордалық ұжым 24 қаңтарда Әзербайжанның «Сабаил» командасымен шеберлік байқасады.



Фото: www.fckaysar.kz

Соңғы жаңалықтар