«Қайсар» футбол клубына 50 жыл толды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорданың «Қайсар» командасы 2019 жылы жүлделі орынның біріне ілігу мақсатын алдына қойып отыр. Аталмыш клубтың құрылғанына 50 жыл толуына орай өткізілген салтанатты шара барысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев командаға осындай міндет жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыр өңірінің намысын қорғайтын команда 1968 жылы «Волна» деген атаумен алғашқы ресми ойынын өткізді. Одан кейінгі жылдарда «Автомобилист»,  «Орбита», «Мелиоратор» атауымен жанкүйер есінде қалды. 1990 жылдан бері  қазіргі атауымен сынға түсіп келеді. Бүгінгі күнге дейін қол жеткізген ең жоғарғы жетістігі - 1999 жылғы Қазақстан кубогы.

Сондай-ақ, 1998, 2008 жылдарда төртінші орынға тұрақтады.

«Қазіргі күні «Қайсар» еліміздегі белгілі клубтардың бірі саналады. Биыл команда алдына бесінші орын алу міндеті қойылған. Жерлестеріміз сол міндеттің үдесінен шықты. Келер жылы команда алдына еурокубок ойындарына қатысу жолдамасына ие болу міндетін қойып отырмыз. Жүлдегер клубтар қатарынан көреміз деген үміттеміз. Бұл мақсатта оларға барлық жағдай жасалады. Команданың қаржылық жағдайын биылғыдан да көбейтуге мән беріп отырмыз. Оған қоса Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион заманауи талаптарға сай жаңғыртылып жатыр», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Салтанатты шара барысында команда құрамында әр жылдарда ойын көрсеткен футболшыларға құрмет көрсетілді. Оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Сондай-ақ, бүгін «Қайсардың» 1999 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алған жұлдызды құрамы мен әр жылдарда команда жейдесін киген ойыншылар жолдастық кездесу өткізді. 

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Қайсардың» бас бапкері Стойчо Младенов 2019 жылы да қызметін жалғастыратынын хабарлаған едік.   

Соңғы жаңалықтар