Қайрат Сатыбалдыға қатысты тергеу толыққанды жүріп жатыр - агенттік

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов Қайрат Сатыбалды мен оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тергеу шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агенттікте қазір бірқатар резонанстық істер қаралып жатыр. Менің түсінуімше, Қайрат Сатыбалдыға да қатысты қылмыстық істер, көлік қызметі орталығымен байланысты жекелеген эпизодтар бар. Бұл істер қазір тергелуде, Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға да қатысты бөлек тергеу жүріп жатыр. Олар әлі аяқталған жоқ. Белгілі бір сараптамалар тағайындалды. Тергеу толыққанды жүріп жатыр», - деді Ұ. Сарқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, қылмыстық істер аясында жасырын тергеу мәселесі де бар.

«Қылмыстық іс жүргізу заңнамасында тергеу мүддесі үшін жариялауға болмайтыны туралы тиісті баптар бар. Оған түсіністікпен қарауды сұраймыз. Мұндағы мақсат кейбір эпизодтарды жасыру немесе кейбір фактілерді жою емес, дәлелдерді толық жинау және бекіту үшін алдағы тергеу әрекеттеріне зиян келтірмеу.

Екінші мәселе – азаматтардың конституциялық құқықтары. Тергеу аяқталған жоқ. Процестің қатысушылары ретінде бізде әртүрлі адамдар бар. Олардың негізгі құқықтық актілерде бекітілген құқықтарын бұзбау үшін осыны айтып отырмыз. Үшінші мәселе – қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларын ескере отырып, біз өзге мәліметтерді жариялағанымыз үшін заң алдында жауап береміз», - деді Агенттік төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевты тұтқында ұстау мерзімі ұзартылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Бұл қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.


Соңғы жаңалықтар