ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ-2022

Қайрат Сатыбалды не үшін сотталды – судья түсіндірмесі

2022 жылғы 26 қыркүйек, 19:18
Қайрат Сатыбалды не үшін сотталды – судья түсіндірмесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астана қаласының №2 Байқоңыр аудандық сотында «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның мүлкін талан-таражға салу, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ-ға мүліктік залал келтіру фактісі бойынша Қайрат Сатыбалды ісіне қатысты айыптау үкімі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот үкімін судья Нұрлан Баяхметов түсіндірді.

Мәлім болғандай, 2018-2022 жылдар аралығында Қ.Сатыбалды талан-таражға салу арқылы «Көліктік сервис орталығы» АҚ қаражатын жымқыруды ұйымдастырған. Ол үшін алдын ала сөз байласып, АҚ-ның басшылық лауазымдағы тұлғаларының қызметтік өкілеттігін пайдаланған. Орындаушылар ретінде директорлар кеңесінің төрағасы М.Мұхамбеджанұлы және АҚ президенті Г.М.Бекетов болған. Олар бақылаудағы сотталған компаниялармен жалған келісімшарттар жасап, АҚ қаражатын шығарып отырған.

«Осылайша Қ.Сатыбалды, М.Мұхамбеджанұлы, Г.М.Бекетов «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ға 28 млрд теңгеден астам сомаға аса ірі көлемде материалдық залал келтірді», - деді судья.

Бұдан бөлек, 2018 - 2022 жылдар аралығында Қ.Сатыбалды сенімге қиянат жасау және алдау жолымен АҚ-ның («Қазақтелеком» АҚ - ред.) мүлік иесіне мүліктік залал келтіруді ұйымдастырған. Қылмысын алдын ала сөз байласу арқылы Ч.Қоңырбаевпен және АҚ-ның корпоративтік бизнес дирекциясының директоры Л.муравьевпен іске асырған. Атап айтқанда, байланыс каналдарын бақылаудағы жалғыз әрі бірыңғай жеткізуші компания - «Qaztelcom.kz» ЖШС арқылы жоғары бағамен жалға беруді, сондай-ақ байланыс каналдарын абоненттік төлемсіз қосуды ұйымдастырған.

«Осылайша, Қ.Сатыбалды, Ч.Қоңырбаев пен Л.Муравьев АҚ-ға 12 млрд теңгеден астам сомаға материалдық залал келтірді», - деді судья.

Судья Нұрлан Баяхметов тағылған айыптар қалай дәлелденгенін айтып берді.

«Қ.Сатыбалды, М.Мұхамбеджанұлы, Г.Бекетов, Ч.С.Қоңырбаев, Л.А.Муравьевтің кінәсі аудиторлық есептерпен, куәларды сұрау хаттамаларымен, мамандардың қорытындысымен, заттай айғақтармен, өзара есептесу бойынша бухгалтерлік құжаттармен, құжаттық тексеру актілерімен, АҚ мен бақылаудағы сотталған компаниялар арасында жасалған шарттар және оларға қосымша келісімдермен, шегерім ұсыну туралы өкімдермен, орындалған жұмыстың актілерімен расталды.

Сотта сотталушылар кінәларын толық көлемде мойындады.

«Көліктік сервис орталығы» АҚ мүлкін талан-таражға салу фактісі бойынша 28 млрд теңгеден астам көлемдегі залал соммасы толық өтелді.

«Қазақтелеком» АҚ-ға мүліктік залал келтіру фактісі бойынша 12 млрд теңгеден астам көлемдегі залал толық өтелді.

Сот отырысы барысында жәбірленушілер мен сотталушылардың арасында медиатівтік келісімдер жасалды, алайда жәбірленушілер өздерінің құқықтарын пайдалана отырып, келісімдерден кейін бас тартты.

Іс келісу өндірісінде қаралғандықтан, сот медиативтік келісімге баға берген жоқ. Сонымен қатар, қылмыстық істі қарау барысында сотта прокурор мен сотталушылардың арасында кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалып, оған жәбірленушілер де қол қойды.

ҚПК-тің 622 бабына сәйкес сот процессуалдық келісім барлық сотталушылармен жасалған жағдайда істі келісу өндірісінде қарайды.

Бұл ретте сот процессуалдық келісімде көрсетілген жазадан қатаң жаза тағайындай алмайды.

Прокурор процессуалдық келісімді ескеріп, Қ.Сатыбалдыға қатысты 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленушілер азаматтық талап қоюларды қараусыз қалдыруды сұрады», - деп түсіндірді судья.

Айыпталушыларға келесідей жаза тағайындады:

- Қ. Сатыбалдыға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ мүлкі тәркіленіп, 10 жылға мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды. Бұдан бөлек, арнайы шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды.

- М.Мұхамбеджанұлы мен Г.Бекетовке шартты түрде 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

- Ч.Қоңырбаев пен Л.Муравьевке шартты түрде 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

М.Мұхамбеджанұлы, Г.Бекетов, Ч.Қоңырбаев пен Л.Муравьевке басшылық лауазым атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бүгін Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот үкімі шыққанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ ол әскери шенінен айырылып, мемлекеттік ордендерді қайтаруға міндеттелді.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar