Қайрат Сәки: Төл тарихына жанашырлықпен қараған халықтың рухы жоғары болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2017 жылғы 12 сәуірде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, онда қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап берді. Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасары ақиқат.

Ал қоғамдық сана дүниежүзілік өркениетке ана тілін ардақтаған сол ұлт азаматтарының қосқан үлесімен, сол бағытта атқарған игілікті істерімен бағаланбақ. Бұл сол ұлттың төрткүл дүние алдындағы беделін, бекем де баянды болашағына тікелей себепкер. Реализм мен прагматизм алға шыққан дүние дүбірінде өткенімізден үйренер тағылым қандай? Сырт елде билік құрған бабалар өсиеті не дейді? 1984 жылдан бері Араб елдерінде оқып, кейіннен дипломатиялық қызметте жүрген Қайрат Ұзақұлы Сәки мен журналист Махат Садықтың сұхбаты осы мәселелерді қаузайды.


Махат Садық:

Қайреке сіз, 1993 жылдан ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесінде жұмыс істейсіз. Еліміздің Каир, әр-Рияд, Әбу-Даби, Дубай, Сеул, әл-Кувейт қалаларындағы елшіліктері мен консулдықтарында түрлі дипломатиялық қызметтер атқарып жүрсіз. Мемлекеттік қызметпен қатар ұлт үшін өте маңызды рухани мәдениетті өз ықтиярыңызбен жүзеге асырудасыз. «Сұлтан Байбарыс», «Қыпшақ мәмлүктер», «Бағдаттағы жалайыр билігі» зерттеуіңіз, «Мәмлүктер – соғыс өнері» атты кітаптарыңыз шығармашылығыңыздың шыңдала түскенін байқатты.

Әңгімеміздің өзегі Байбарыс сұлтан болмақ. Жаугершілік заманда, бала күнінде Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген Байбарыс, қазақ тарихындағы аса ғажайып тұлға. Сізге дейін мифтік бейнеде, ертегінің батырларындай көрсетілген Байбарыс тақырыбына қалай келгеніңізді «ҚазАқрапат» оқырмандарына баяндап берсеңіз?

Қайрат Сәки:

Рас, қарап отырсам, араб елдерінде қысқа үзілістермен 20 жылға жуық жұмыс істеппін және қазіргі кезде сол елдердің бірінде қызмет атқарудамын. Осы жылдары негізгі жұмысыммен қатар халқымызға тікелей қатысы бар тарихи мұраға деген қызығушылығым мені осы елдердегі архивтерді қарап, елімізге қажетті дүниелерді жинауға үйретті. Жарық көрген тарихи шығармалар мен араб елдерінің кітапханаларында сақталған қолжазбаларды мұқият зерделеп, жұртымызға жеткізуді мұрат еттім. Біршамасын кітап етіп шығардым. Ортағасырлық мұсылман, араб тарихында түркі тайпалары, оның ішінде, қазақ халқына тікелей қатысы бар – қыпшақ, найман және жалайырлар өшпес із қалдырғанын айғақтайды. Айғақ тайға таңба басқандай айқын көрінеді.

Тақырыпқа келуіме себеп болған факторлардың бірі - Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ» кітабының ішінде келтірілген ақын, тарихшы Сергей Марковтың келесі шумақтары:

...а я одинок за столом -

кипчаков живые потомки

забыли о славном былом,

но русская муза готова,

склоняясь на пыльный гранит,

прочесть половецкое слово

на жаркой груди пирамид...

Осы сөздер намысымы жанады - «Неге басқа елдің ғалымдары пирамида елінде қалған бабалар мұрасын бізге оқып береді. Өзіміздің қолымыздан келмейді ме, әлде кежегесі кейін тартқан жұртпыз ба?» - деген ой туды.

1999 жылдың қаңтар айында Олжас Сүлейменов Мысырға келе қалды. Ақынды үш күн Мысыр елінде алып жүру құрметіне ие болдым. Ойшыл ғалым ағамыз көне түркі жазуының пайда болуы мен дамуынның әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы көпшілік жылы қабылдаған «Атам заманғы ТҮРКІЛЕР» кітабына деректер жинақтап жүрген. «Ат аунаған жерінде түк қалады» - дегендей ақын әрі қоғам қайраткері Олжас ағамыз маған ғана емес, сол елде Елшілікте істеп жүрген араб тілін жетік меңгерген барлық мамандарға тапсырма бергендей, негізгі жұмыспен қатар мәмлүк тарихын зерттеу керектігін басып айтқан. Оның үстіне ерекше ұлтжанды, біртуар азамат Елші марқұм Болатхан Құлжанұлы Тайжан ағалық ақылын айтып, бұл бағыттағы зерттеулеріме қолдау көрсетті. Кейбір басшылардай: «өз жұмысыңды біл, негізгі жұмысқа қатысы жоқ іспен айналыспа» демеді.

Мәмлүктер патшалық тағында мемлекет іргесін нығайтты. Араб елдерінде жиі болып тұратын крес жорығын тоқтатты. Елді құлдық пен зорлықтан азат етті.

Сөйтіп Байбарыс туралы жазбаларым бір кішкене мақаладан басталып, 2000 жылы «Байбарыс сұлтан» кітабына ұласты. Көпшілік оқырмандардың тілегіне байланысты 2006 жылы толықтырылып «Қыпшақ мәмлүктер» деген атаумен қомақты көлеммен жарыққа шықты. Тарих тағлымы бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді. Қаншама мұрағатты қопардым. Сараптадым. Түйгенім тарих шежіресі дегеніміз - өсу мен өшудің, өмір мен өлімнің, ізгілік пен зұлымдықтың бітіспес күресінің жиынтығы. Содан елімізге керегін іріктеп келемін.

2008 жылы «Бағдаттағы Жалайыр билігі», 2016 жылы «Мәмлүктер – соғыс өнері» деген кітаптарым шықты.

Орыс тілінде «Юрта на вершине пирамиды» деген қолжазбам дайын. Оған Олжас ағамыз шайырлық шабытымен, жадындағы ұлтына іңкәр сүйіспеншілігімен алғысөз жазып берді. Осы жылдың аяғына дейін баспадан шығып ізгі ниетті оқырмандарының қолына тиер деген жоспарымыз бар.


Махат Садық:

Бейбарыс сұлтанның Мысыр елінде зерттелуі қалай екен? Бейбарыс туралы мысырдың тарихшылар қандай пікірде? Қалай болғанда да сырт елден келіп, абсолюттік билікті тартып алғандарды мақтай қою қиын екені бесенеден белгілі. Бірақ үлкен тарихи шешуші тұста ерекше еңбек қылған қолбасшылар ұмытылмасы анық. Бейбарыс ұлы тұлға. Ал ұлы адамдарды түсінбей, олар өмір сүрген дәуірді тану мүмкін емес. Бейбарыс бабамыздың тағдырының призмасы арқылы тек мәмлүктер туралы ғана емес, қазақ тарихының сол кезеңдегі барысын сезінеміз. Осыған не дейсіз?

Қайрат Сәки:

Соңғы онжылдықтарда бірқатар араб елдерінде мұнай табылып, экономикалары қарыштап дамуда. Жер бетінде 22 араб елі бар. Алтауы өте бай. Бірақ миллиардтаған қапшық – қапшық долларлар мәдениеттің мысын ешқашан баса алмайды. Сол себептен сан ғасырлар Мысыр араб ғылымының, мәдениетінің орталығы есептелсе, алда да солай қала бермек. Мысырда мәмлүктер тарихы туралы толыққанды зерттеулер жасалып, ғылыми диссертациялар қорғалған.

Мәмлүктерге екі түрлі көзқарас бар екенін айта етуіміз керек. Өзіңіз де бұл түйтілдің неден екенін айтып өттіңіз. Оның біріншісі бойынша мәмлүктер Ислам әлеміне Шығыстан және Батыстан төнген қауіпті тоқтатқан ержүрек топ. Екіншісі дерек бойынша билікті күшпен тартып алған озбыр топ, бұрынғы құл - құтандар.

Осы көзқарас ғалымдар арасында да бар. Мәмлүктердің шыққан тегі түркі болғандықтан, араб иеліктері 1 000 жылға жуық түркілердің, түріктердің қол астында болғандықтан оларды араб ұлтшылдары қабылдай алмайды. Кресшілерге қарсы жан аямай соғысқандардың ішінен тек Саладин Аюбиді ғана араб тарихнамасы таниды. Ал аттары түркіше Байбарыс, Құтыз, Қалауынның ерліктері Саладиннен он есе артық болса да қажетті деңгейде зерттелмеген. Еңбектеріне сай дәрежеде дәріптелмейді десе болады.

Байбарыс өмірі туралы жазбалар оның көзі тірісінде қағазға түсірілген. Айналасына ержүрек жауынгерлерді ғана емес, оқымысты білімдарларды көптеп жинаған. Байбарыс патшалығының бірінші жылнамашылары оның жеке хатшылары Ибн Абдузаһир мен Ибн Шаддад деген оқымыстылар болған. Сұлтан туралы ең құнды өмірбаяндық жазбалар мен деректерді солардың сол уақытта хатқа түсірген жылнамалары .

Махат Садық:

Байбарыс сұлтан қай тілде сөйлеген? Кітабыңызда «Байбарыс сұлтан» деп жазыпсыз. Анығы Бейбарыс па, Байбарыс па? Тіліміз де, санамыз да Бейбарысқа дағдыланып қалған. Бейбарыс деп кино түсірді. Бейбарыс деп елде кітап шығарғандар бар. Жалпы мәмлүктер деген кімдер, мәмлүк сөзінің мағынасы қандай? Байбарыс қалай мәмлүкке айналды? Байбарысты сұлтан еткен қандай ерекше қасиеті еді? Бір емес бірнеше сұрақты қойдық. Түпнұсқаны қолмен ұстап, көмекші аудармашыға сүйенбей өзіңіз оқыдыңыз, өзіңіз тәжірмаладыңыз. Авторлық пайымыңыз, көптеген құжаттар мен қолжазбаларды зерделегеннен кейінгі түйген тоқетер көзқарасыңызды тыңдайық?

Қайрат Сәки:

Бұл туралы сан рет айтылып, біраз жерде, әртүрлі деңгейде жазылған мәселелер. Айтайын дегенім, «Соқыр көргенінен таңбайды», - дегендей мәмлүк тарихымен алдымен орыс тілі арқылы танысқандықтан мәмлүк адам аттары тілімізге де, санамызға да орыс тілінде қалай айтылса дәлме – дәл сол қабылданған түрлерінде сіңді. Оның үстіне сұлтан туралы фильм, кейін шыққан кітаптар осы қате атауды шегелеп тастады десе болады. Бейбарыс, Ойбек деген адам аттарының Байбарыс, Айбек екендігі белгілі. Қолжазбаларды дұрыс оқу осыны көрсетеді. Мен ғана емес, араб тілінен хабары бар жұрт мұны біледі.

Байбарыс қана емес, барлық мәмлүк сұлтандары мен бектері, қатардағы мәмлүктер түркі тілінде сөйлеген. Сол кездегі араб тілді тарихшылар мәмлүктер «қыпшақша» сөйлескен деп көрсетеді. Сол кезде түркіше-арабша сөздіктердің болғандығы тарихи фактілер. Сұлтан диуанында, қазіргі ұғыммен сипаттасақ Президент аппаратында жұмыс істеу үшін сол ерте кездің өзінде оқыған адамдардың дені, жұрт құрметіндегі қызметкер атану мақсатында түркі тілін меңгеруге тырысқан.

Мәмлүктер ұмыт қалған батырлар ғой. «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып ел болмас» - деп айтылғанымен олар ағысқа қарсы жүзген ерекше жаужүрек адамдар. Мысырда қыпшақтардан 32 сұлтан шыққан. Оның біреуі тақта бір күн де отыр алмаса, кейбірі 20 жылдан астам уақыт билеп-төстеген.

Крес жорықтары кезіндегі рыцарларды, Шығыстағы самурайларды бәрі біледі. Кітаптар мен фильмдер олардың идеалдық бейнелерін ғаламат сомдаған. Қазақстанда шығатын орыс тілді басылымдардың бірінің корреспонденті Иерусалимге барып келген соң шығарған мақаласында «на стройные ряды крестоносцев нападали кровожадные мамлюки» деген сарында жазады. Соны оқырмандар ойланбай қабылдай береді...

Ал шын мәнінде кресшілердің қалпағын қайырып тоқтатқан, ерік пен жігер жағынан самурайларды он орап алатын қыпшақ мәмлүктері болатын.

Араб тілінде «абд мамлук» деген сөз «иеліктегі құл» деген мағынаны білдірген. Бірақ уақыт өте келе «абд» - құл сөзі тек бас еркіндігі жоқ таза құлдарға қатысты, ал «мамлук» сөзі әскери мақсаттарға әкелінген мұсылман емес еріксіздерге қатысты айтыла бастаған. Яғни мәмлүк деген, өздеріңіз талай рет көрген Байбарыс фильміндегі күнде таяқ жейтін, кеменің ескекшілері емес. Құл саудагерлері оларды әскери мақсатқа пайдалану үшін мұқият таңдап алатын және мұсылман қожайындарына сапта тұрған сарбаздардай жеткізетін болған. Саудагерлердің саудасын мақтап тауарын сатқаны секілді ғой, бүлінген тауарды кім алады? Оған бір мысал келтірейін. Байбарысты қазіргі Сириядағы бір қаланың әміршісі көзінің дағы бар екен, сонда да қымбатқа саудалап тұрсың деп алмай қойған. Сондықтан Байбарыс Сирияда «өтпей» қалады.

Байбарыстың қалай мәмлүкке айналғандығы сол кездегі қалыптасқан жағдайға қатысты. Оның елі Қырымға енді көшіп келгенде шабуыл мен тонауға түскен. 10-15 жас аралығындағы аяқ-қолы балғадай балалар Қырымдағы құл базарлары арқылы сатылып дүниенің төрт бұрышына тарайтын. Байбарыс бірге өскен Байсары деген ханның баласымен қазіргі Түркияның жері арқылы Сирияға әкелініп құл базарына түседі. Жоғарыда айтқанымдай қала билеушісі алмаған соң оны Айтегін деген мәмлүк бегі сатып алады.

Ол кезде құл саудасы өте пайдалы іс саналған. «Ұлын Үрімге, қызын Қырымға» деген сөз содан қалған...

Араб елдерінің кітапханаларында мәмлүк тарихына қатысты қолжазбалардың айтарлықтай көлемін жинап алдым. Бұл менің архив саласындағы жеке жұмысым. Өзімде сақтаулы. Саналы ғұмырымды байқағандарым мен тапқандарымды ортаға салға арнап келемін. Өткен жолымызға жіті көзбен үңілу. Бағзыдан қалған мұраларды - жаңаша тәуелсіз елдің рухында ойлау қөзқарасы тұрғысынан қайта байыптау менің парызым.

Махат Садық:

Жалпы біршама уақыттан бері тарихи санада қалыптасқан ұғымдарды тез өзгеру қиын. Ол миға сіңіп тапжылмайды ғой. Оның орнықан канондарын өзгерте қою да оңайға соқпайды. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да сол себептен жарияланғаны белгілі.

Қайреке, енді бабамыз Байбарыстың құлдықтан босатайық. Мысыр билеушісіне айналғанға дейінгі өмірі қалай өрбіді? Байбарыс сұлтан билеуші болған жылдары маңайындағы өзге елдермен қандай қарым-қатынаста болды? Оның ішінде түркілер, яғни Алтын орда хандарымен қарым-қатынасы қалай өрбіген? Ол мемлекет басқаруда қандай негіздерге сүйенді? XV ғасырда өмір сүрген мұсылман тарихшысы Әл-Жабурти «Байбарыс патшалардың ішінен батырлық, қаталдық және шариғатқа мойынсұнғандығы жағынан ең ұлысы еді» деген екен. Байбарыс сұлтанға тән осы үш қасиет сіздің қалың кітабыңызда жақсы кескінделген. Дегенменен бір кезде көрген киноға ақиқаттай сенгендер тарапы сол шындықтан ұзап шыққысы келмесі хақ. Жинағандарыңызды оқырмандарымызға жүйелеп, сәл – пәл тарқатып айтып берсеңіз.

Қайрат Сәки

Ол кездегі мәмлүктер: бектер мәмлүктері және сұлтан мәмлүктері деп екіге бөлінген. Аты айтып тұрғандай сұлтан мәмлүгі қатарына екінің бірі қабылданбайтын. Мыңнан, жүзден мықтылар іріктелетін. Сонымен бір күндері бала Байбарыстың иесі Айтегін деген бектің басына қиыншылық заман туады да, барлық байлығы, оның ішінде мәмлүктері тәркіге түседі. Сөйтіп қуғынға ұшыраған бектің мәмлүктерінің ішінен ең таңдаулыларын сұлтан өз қарамағына алады. Солай Байбарыс Каир қаласындағы сұлтан резиденциясына қызметке ауысып, көп ұзамай сұлтан гвардиясының басшыларының біріне айналады. Ақтай, Балапан деген ірі бектердің сенімді серігіне айналады. 1250 жылы аюбидтер династиясының соңғы сұлтаны Тураншаһ кресшілермен шайқасқа шыққанда жорық шатырында отырған кезінде қылышпен шауып өлтіреді. Сөйтіп қыпшақ мәмлүктердің билігіне жол ашады. Өзі билік басына келгенше Айбек, Құтыз деген бектер билік құрады. Олар «Бөтен елде ұлтан емес, қайта сұлтан» болды.

Махамбет айтқандай:

«Батырлық деген ойдан-ды,

Айғайласып жауға ти,

Ажалымыз қайдан-ды!»

Байбарыс дала жауынгерінің осы ұстанымымен өмір сүрген. Оның жаужүректігі мен батырлығы ақылмен, мол тәжірибемен ұштасқан. Қазақ батырларының қанына сіңген ерлік дәстүрі. Ертеде даламызда ержүректер көп болған ғой, бірақ ондай қасиет тума ақылмен, интеллектпен, ұлттық мүддемен жалғасып жатпаса түкті жүрек иесі жол торушы, қарақшы деңгейінен аса алмайтын. Ал Байбарыс - сұлтан дәрежесіне көтерілген «ойы бар» дара батыр.

Батырлығын айттық. Ал қаталдығына келсек ол енді сол соғыс заманның талабы. Себебі Байбарыс бір қора қойды емес, жалаңдаған бөрілер мен арыстандарды басқарды. Өзі арыстандай болды. Сұлтанның таңбасы арыстан екендігі көп нәрсені аңғартады. Каирде музейде сақталған. Аузын ашып тұрған емес, артқы аяқтарына тұрып айбат шеккен, ұрыс пен шайқасқа дайын арыстан.

Шариғатқа мойынсұнғандығына келсек мұсылман тарихшылары оның кресшілерге қарсы күресін жоғары бағалағандықтан айтып отыр. Ол өзі қабылдаған ислам дініне адал қызмет етті. Ол мешіттер мен медреселер салды, ішімдік пен жезөкшелікке қарсы күресті, дін негіздерін нығайтуға күш салды.

Әрине мұсылман билеушісі болғандықтан ислам шариғатын негізге алған. Байбарыстың бір ерекшелігі ол төрт мазһабты тең ұстап, ешқайсысына артықшылық бермеген. Олардың ғұламаларын бір ғимараттың төрт қанатына отырғызып, әркім өз таңдауына қарай олардан діни және дүнияуи мәселелер бойынша кеңес сұрайтын тәртіп орнатқан. Аса атап өтерлігі мұсылман тарихшыларының: «Сұлтан Байбарыс ел билеуде түркінің «Турасы», Шыңғыс ханның «Яссасын» басшылыққа алды» - деп жазған өте қызықты дерек бар. Бұл бағыт тыңғылықты зерттеулерді талап етеді. Біз секілділерді «әуесқой тарихшылар» деп айдар тағатындар, осы тақырыпқа терең бойласа қайда жүр? «Өзің білме, білгенді көрме» - деген осы.

Мәмлүктер маңайындағы христиан, мұсылман барлық иеліктермен жағаласып өткен. Тек Алтын Ордамен ерекше дипломатиялық қатынастар орнатқан. Бұл бір жағынан, мәмлүк қыпшақтардың тарихи отаны болса, екінші жағынан, Ирандағы Хулагу хандығына қарсы әскери одақ құру қажеттігінен туындаған.


Махат Садық:

Сіздің ерекше еңбегіңізге құрметім зор. Мұның бәрі өткенді аңсау ғана емес. Байбарыс тағдыры тауқыметі де мол, жеңісі де жігерлі. Осыдан өзімізге етене жақын өз тарихымызды танып отырғандаймын. Енді бабамыздың жеке өмірі жөніндегі ерекше деректерге тоқталсақ. Атақты сұлтан неше рет үйленген, қанша баласы болған? Соңында қалған ұрпақтарының арасында ата жолын қуып, билікті ұстап қалғандары бар ма? Байбарыс сұлтанның қазасына байланысты түрлі аңыз-әңгімелер де аз емес. Солардың ішінде ақиқатқа жақыны қайсысы деп ойлайсыз? Байбарыс сұлтанның артында атын өшірместей тарихқа таңбалаған қалалары болмаса да, ғимараттары қалған екен дегендей.

Қайрат Сәки

Тарихи деректер бойынша бес рет үйленген. Соңғы 4-і әйелінен 3 ұл, 7 қыз көрген. Әйелдерінің барлығы дерлік түркі отбасыларынан болған.

Сұлтан Байбарыс үлкен ұлы Беркеханды көзі тірісінде тақ мұрагері етіп тағайындаған. Оған қасындағы үлкен бектердің толық қолдауын алған еді. Алайда Беркехан билікті екі жыл ғана ұстап тұра алды. Байбарыстың сенімді серігі және Беркеханның қайын атасы Қалауын түбінде билікті одан тартып алып, Беркеханды қазіргі Иорданияның жеріндегі Карак бекінісіне жер аударып жібереді. Ол сол жерде қайтыс болып, әкесі Байбарыстң Дамаскідегі мазарының қасына қойылады.

Сұлтан Қалауын онымен тоқтамай бұрынғы сұлтанның Саламыш, Қызыр деген екі ұлын Византия империясының астанасы Константинопольге жер аударады. Саламыш сол жақта қайтыс болып, Қызыр шешесімен Мысырға қайтып келеді. Ол билік пен саясатқа араласпай әкесінен кейін 36 жыл өмір сүріп, Каир қаласында жерленеді.

Сұлтанның қымыз ішетін күмістен жасалған ыдысы болған. Қымыз мәжілісі кезінде ыдыс құйылған қымызды сұлтан өз қолымен ерекше риза болған немесе ішкі ойымен қажет деп тапқан адамға ұсынатын. Ол адам ыдыстағы қымызды толықтай ішіп болған соң сұлтан алдына қоюы керек. Қымыз құюшы сұлтан ыдысын қадағалап отыратын, бірақ сол ыдысқа қымызды қайта құйып сұлтанға ұсына бере алатын.

Сөйтіп сұлтан бұрынғы билеуші әулеттен қалған бір ханзаданы улап өлтіруге шешім қабылдап, ешкімге байқатпай өзінің алдындағы ыдыстағы қымызға у қосады. Жиналған топтың арасында отырған адамды алдына шақырып алып, қымызды өз қолымен ұсынады. Протокол бойынша ханзада сұлтан ұсынған қымызды толық ішіп ыдысты сұлтан алдына қойып кетеді. Ісін жүзеге асырған сұлтан қысқа уақытқа шығып қайтып келгенде, қымыз құюшы сұлтанның ыдысын қайта толтырып қойған еді. Ойында ештеңе жоқ сұлтан ыдыстағы қымызды ішеді. Кесенің түбінде қалған удың ерімеген біраз бөлігі қалған еді. Сұлтан содан уланып, екі аптадай науқастанып қайтыс болады. Екі аптаның ішінде ешкімді жазаламайды. Соған қарағанда сұлтан өз қателігін түсінген және оған қарсы астыртын әрекеттің болмағандығын көрсетеді. Төсек тартып өлім аузында жатқан сұлтан баласы Саламышқа жазған хатында: «Біреуден секем алсаң бірден басын шап» - деп өсиет қалдырады. Егер сұлтанның күдігі болса өлімін күтіп жатпас еді. Сөйтіп сұлтан қапияда қаза табады.

Сұлтанмен замандас және кейінгі мұсылман тарихшыларының еңбектерінде келтірілген нұсқаларды салыстыра отырып, ақиқатқа ең жақыны осы деп ойлаймын.

Сұлтан Байбарыстан қалған із Каир, Дамаск, Иерусалим қалаларында сайрап жатыр. Оның бәрін тізбектеп жатпай-ақ қояйын. Қызыққан адам «Қыпшақ мәмлүктер» кітабынан оқи алады.

Айтайын дегенім, Қазақстан үкіметі Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен Байбарыстың Дамаск қаласындағы мазарына және Каирдегі Байбарыс мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл қай тұрғыдан алсақ та өте маңызды қадам болды. Біз мәмлүктердің елімізге, халқымызға қатысты екендігін тарихи мұрағаттар арқылы дәлелдеумен қатар олардың мұрасына жанашырлықпен қарауымыз бізге басқалардың алдында рухани басымдық берді. Мысырдың абсолюттік билігін бірнеше жыл иеленген Байбарыс сұлтанның шыққан тегі қазақ екен деген ұғым қалыптасты.

Осы орайда, Қазақстанның тарих ғылымына артылар жүк аз емес. Ғалымдарымыз атқарар міндеттер жетіп артылады. Шыңғыс хан жорықтарынан бұрын және кейін пайда болған мемлекеттік құрылымдардың тарихын, оның ішінде қазақ халқына тікелей қатысы бар ұлттар мен ұлыстардың, тайпалар мен рулардың ішінде қыпшақ, найман мен жалайырдың тарихын зерттеу жағдайы қажетті деңгейде еместігін айта кету керек. Қыпшақ пен Жалайыр мемлекеттік құрылымдарының пайда болуы, толығуы, зауалына жетуі ғылыми тұрғыдан зерттеліп, олардан қалған мұраға иелігіміз толық дәлелденген жоқ. Бар жұмыс кейбір әдеби шығармалардағы үзік-үзік мәліметтер, басылым беттерінде ауық-ауық көрінетін мақалалардағы қысқа мәліметтермен шектеліп қалған.

Махат Садық:

2018 жылдың қараша айында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы жарияланды. Онда «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми – көпшілік сериялардышығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет» - деп көрсетілген. Егер Байбарыс жөнінде ғылыми-көпшілік кітапқа конкурс жарияланса оған қатысатын кітап дайын екендігін біздің оқырмандарымыз осы әңгімемізден толық байқаған шығар деп айта аламын.

Шығармашылығыңызға мол табыстар, тарихи сананы рухани жаңғыртудағы еңбегіңіз жемісті болсын!



Соңғы жаңалықтар