Қайрат Сақ: Мақсатымыз – халықаралық бәсекеге қабілетті маман даярлау

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Заман талабынан шыға білетін және жоғары сұранысқа ие мамандар даярлау мәселесі қашанда өзекті екені анық. Елдің абыройы мен мәртебесін арттыру жолында журналистердің қызметі де аз емес. Беделді қалам иелері қоғамның ілгері басуына ықпал етеді. Осы саланың мамандарын даярлау бағытында қандай өзгерістер болуда? Биылғы түлектерін шығарып салып, жаңа буынды қабыл алуға бел буып отырған жоғары оқу орындарының ұстанымдары қандай? Осы сұрақтар төңірегінде БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

– Қайрат Өмірбайұлы, қоғам дамуы алға басқан сайын жаңалықтар молая түсуде. Бұрынғы алған біліммен шектеліп қалсаңыз, алысқа ұзап бара алмайтын жағдайға жеттік. Келешекте еңбек ететін журналистерді дайындау барысында қандай тың бастамалар бар?

– Бүгінгі заман өте жылдам өзгерістерге ұшырап жатыр. Бір кәсіп жойылып жатса, жаңа түрдегі мамандықтар шығуда. Осыны ескере келе, бірнеше бағыт бойынша мамандар даярлау ісін қолға алдық. Факультетімізде үш «Білім бағдарламалар тобы» бар. Оның бірі – «журналистика және репортерлік іс». Оны бітіргендер түрлі сала бойынша маман болып шығады. Соның ішінде журналистикадан бөлек, қоғаммен байланыс, цифрлы медиаменеджмент маманы және спорт тілшісі бар. Бастапқы екеуі бойынша (журналистика, қоғаммен байланыс) магистратура деңгейінде мамандар дайындалады. Одан әрі білім алуда журналистика саласында PhD дәрежесіне оқи алады. Одан бөлек «Аудио, визуальды құралдар және медиа өндіріс» деген білім бағдарламасының тобы бар. Ол өнер бағытына жатады. Осы жоба бойынша баспа ісі және медиа өнер деген екі мамандық қамтылған. Қазір барлық БАҚ конвергенцияға түсуде. Олардың арасында бөліп алмайтындай тығыз байланыстар орын алуда. Сол секілді саясаттану және конфликтология саласы бар. Бұл бойынша да үш деңгейлі (бакалавр, магистратура, доктарантура) білім беріледі.

Енді журналистикадағы цифрлы медиаменеджмент пәнаралық білім беру бағдарламасы бойынша үш факультеттің профессор-оқытушылары бірігіп, жаңа заман маманын даярлауға көшті. Қазір журналистика ақпараттық технологиямен тығыз байланысты. Осы жаңа бағдарламаны терең білетін мамандарға сұраныс өте жоғары. Мульти-медиалық дүниелерге сұраныс жоғары, ол web-дизайнмен байланысты. Сол себепті Дизайн кафедрасының ұстаздары да осы іске атсалысуда.

Жалпы, біздің түлектерімізге сұраныс өте жоғары. Бітірушілер медиа портал, медиа сайт, әлеуметтік SMM журналистика салаларын меңгеріп шығады.

Спорт журналистикасы елімізде қарқынды дамуда. Осы саланың мамандарын «Қазспорт» телеарнасы және университеттің Спорт және дене шынықтыру кафедрасымен бірлесе дайындау үстіндеміз. Олар алуан түрлі спорттың ережелерін, әдіс-тәсілдерін, технологиясы мен терминдерін үйреніп шығады. Алдағы кезеңде екінші спорт телеарнасы ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар интернетте спорт тақырыбында материалдарды шұғыл жариялап тұратын бірнеше сайттар бар. Газеттер мен отандық телераналардың спорт бөлімдері де арнайы біліктілігі бар мамандарды қажет етеді.

– Сол мамандықты таңдаған студенттің спортқа бейімділігі де бар шығар?

-Әрине, қай бағдарламаны таңдау туралы мәселені студенттің өзі шешеді. Оқуға қабылданған кезде біз оларға бағыттарын таныстырамыз. Жүрек қалауымен соның біріне жазылады да, өзін жетілдіреді. Бұл жерде студент бір бағдарламамен ғана оқысын деген шектеу жоқ. Басқа саласына ауысуына еркі бар. Мысалы, «журналистика репортерлік іс» бағдарламасы бойынша грантпен түскен студент бірінші курста журналистикада жүрсе, келесі курста цифрлы медиаменеджмент саласын меңгергім келеді десе, сол грантымен ауыса алады. Яғни, мамандандырылады.

Магистратура бойынша халықаралық журналистика білім бағдарламасы ашылды. Бүгінде отандық телераналар, ақпарат агенттіктері мен газеттердің шетелдерде бюролары мен тілшілер қосыны бар. Соларға барып жұмыс істейтін және шетелдік БАҚ-та да қызмет жасай алатын мамандарды даярлап шығарсақ деп отырмыз. Біздің түлектеріміздің алды Еуропа мен Азия елдерінде жұмыс жасап жүр. Айталық, «Хабар» агенттігінің Германиядағы өкілдігінің жетекшісі Шолпан Найманбаева есімді шәкіртіміз – біздің түлегіміз. Мақсатымыз – жан-жақты жетілген мамандарды даярлау.

Енді әскери журналистика мамандығы да өзекті. Қазір бізге қажетті мамандар М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Қазақстанның тапсырысы бойынша даярлануда. Бұл жерде бізге қажетті маманды шетелде дайындаудың қаншалықты тиімді екенін білмейміз. Ол елдің өз саясаты, өз идеологиясы бар. Сол елдің ұстанымдары бойынша оқып-жетілген маманның көзқарасы қандай болып шығатыны тағы белгісіз. Сондықтан алдағы уақытта әскери журналистер өз елімізде дайындалуы керек деп санаймын. Бұл бағытта ізденістеріміз бар. Бірақ кездесіп жатқан қиындықтар да аз емес. Кадр жетіспеушілігі, оқу әдебиеттерінің тапшылығы байқалады. Қазір дайындық үстіндеміз. Сол мәселелерді шешетін болсақ, келесі жылы әскери журналистика бағытында білім бағдарламасын жүзеге асырсақ деп ойлаймыз. Әрине, салалық журналистерді дайындауға әр университет бейімделгені жөн. Мысалы, құқық қорғау, сот, прокуратура органдарының баспасөз хатшысынан бастап бөлім қызметкерлері бар. Солар үшін заң, құқық саласының журналистері қажет-ақ. Сонымен бірге экономика, бизнес саласын терең зерделей білетін тілшілер керек. Бұл бағыттар да шет қалмағаны жөн. Әр өңірдегі оқу орны белгілі бір саланы бөліп алып, студенттерді даярлап шығаруына болады. Мәселен, Америка тәжірибесіне үңілсек, әр университет бір салаға бейімдеп, маман даярлайды. Айталық, спорт журналистері Оклахома штатындағы оқу орнында тәлім алады. Себебі ол жерде мол тәжірибе мен дәстүр қалыптасқан. Сапалы маман жетіліп шығады. Біздің елімізде осы үрдіс енді басталды. Біртіндеп әр оқу орны осы бағытта жұмыс істесе, тиімділігі жоғары болатыны сөзсіз.

– Еліміздің барлық өңірінен келіп, осы білім ордасында білім алғысы келетін жастар көп пе?

– Иә, біздің факультетімізде барлық облыстың өкілдері оқиды. Тіпті Алматы қаласынан келіп оқитын студенттеріміз де бар. Одан бөлек шетелден келген жастар да оқиды. Мысалы, Ресей, Қытай, Қырғыз, Өзбекстан елдерінен келген студенттеріміз осы ортаға тез бейімделіп кетті. Оның үстіне жаңа білім жүйесі бойынша академиялық ұтқырлық бағдарламасымен студенттерімізге бір семестр шетелде оқып келу мүмкіндігі қарастырылған. Бірқатар жастарымыз өздері таңдаған бағдарлама негізінде қазір шетелде оқуда жүр. Яғни, олар диплом алған кезде қосымшасында шетелде дәріс берген профессорларының аты-жөні және емтиханнан алған бағасы жазулы тұрады. Сол секілді біздің университетімізге шетелдің басқа жоғары оқу орнынан солай бір семестр оқып жатқан студенттер бар. Мәселен, қазір бізде Украина, Қырғыз елдерінің жастары тәлім алуда. Болон процесінің мақсаты сол – білімге шекара жоқ, шектеу жоқ. Білім кеңістігі әлемдік деңгейде ашық болуы керек. Білім барлығына ортақ деген тұжырымнан туындайды. Біз де осы бағытты ұстанып отырмыз.

– Журналистика мамандығына дайындап жатқан студенттеріңіз сенімді ақтайды деуге негіз бар ма?

– Мақсатымыз – бірнеше тілді еркін меңгерген, халықаралық бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейдегі сапалы маман дайындау. Біздің қоғамға мемлекеттік тілді және шет тілдерін білетін адамдар өте қажет. Бұл бағытта жастардың жетістігі мол. Мектепте жүріп бірнеше тілді үйренеді. Студенттеріміздің барлығы десек те болады, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Сонымен қатар білім бағдарламалары негізінде ағылшын тіліндегі топтарды ашып отырмыз. Олар бірінші курстың бірінші семестрінен бастап төрт жыл түгел сабақты тек ағылшын тілінде оқып, сол тілде мақала, очерктер жазуға бейімделеді. Шетелден келген студенттер де сол білім тобына қосылып оқиды. Сондай-ақ ағылшын тілінде оқитын студенттеріміз шетелге барып, білімдерін тереңдетіп келуге мүмкіндік алуда. Бұның бәрі де – болашақта мықты маман шығару жолындағы үлкен ізденістерден туған істер.

– Әңгімеңізге көп рақмет. Ұстаздық қызметіңізге табыс тілеймін.


Фото: www.elana.kz


Соңғы жаңалықтар