Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова және өзге де танымал қазақстандықтар «Нұр Отан» партиясы қатарына алынды (ФОТО)

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылдау салтанаты өтті. Партиялық билетті партияның 12 жаңа мүшесіне партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тапсырды. Аталған шара Астана күніне арналды.

Осылайша, бүгін партия қатарына ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Зинаида Федотова, «Жамбыл электр желілері» ЖШС бас директоры Әлихан Жарболов, «Kazakhstan Computer Graphics» ЖШС бас директоры Эрнар Құрмашев, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағы республикалық штабының жетекшісі Рахат Хамидуллин, «Қазақстан» РТРК АҚ ақпараттық-сараптамалық дирекциясының директоры Құрманбек Қазанбасов, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония директоры Ақан Әбдуалиев, Қостанай облысының «ТОРО» компаниясының директоры Майль Тороян, Ақтөбе облысының «Өсербай» шаруа қожалығының басшысы Лариса Ю, ШҚО «Зенит» зауытының инженер-құрастырушысы Дәурен Охасов, режиссер және актер Максим Акбаров, эстрадалық әншілер Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалова енді. «Бізді қатарымызға кірушілер санының жыл сайын артып келе жатқаны қуантып отыр. Партияның негізін қалаушы әрі саяси идеалы - Елбасы өзінің үлгісімен, жетістіктерімен, жұмысына, халқына деген махаббатымен осындай Қазақстанның іргетасын қалады. Партияның міндеті - мемлекеттік бағытты, бірлік пен ынтымақты қамтамасыз ету. Осындай қарапайым нәрселерсіз ел дамуына қол жеткізілмейтін еді. Партияның бүгінгі миссиясы - «2050 Стратегиясына» қол жеткізу үшін бағыт пен жағдайларды қамтамасыз ету. Ал бұл халқымыздың бірігуінсіз мүмкін емес. Сондықтан біз сіздердің «Нұр Отан» партиясының қатарына кіру шешіміңізді қуана қарсы алып отырмыз. Барлықтарыңыз өз аймақтарыңызда, республикамызда өте танымал тұлғаларсыздар, еңбектеріңіз бен табыстарыңыз арқылы әрбір азаматтың ел болашағы үшін тер төге алатынын таныта білдіңіздер. Партия сіздерге іске асырудың жаңа мүмкіндіктерін беретініне сенеміз», - деді құттықтау сөзінде Б.Байбек. «Өз партияма сенемін және қоғам өміріне белсене атсалысамын, партиямыздың Көшбасшысы ұсынып отырған барлық бастамаларды қолдаймын», - деді өз кезегінде профессор З.Федотова. Әнші Қайрат Нұртас бұл партия қатарына еліне пайда әкелу үшін кіргенін айтады. «Нұр Отан» - Елбасымыздың партиясы, барлық бастаулар қазақстандықтардың жасампаздығы мен оларды біріктіруге арналған, оны әрқайсымыз білеміз. Сондықтан мен өз елімнің болашағы үшін жасампаздық жолға түсу мақсатында нұротандықтардың қатарында болуды шештім», - деп бөлісті өз ойымен әнші. Еліміздің барлық аймақтарында 1258 адамның жаңа үлгідегі партиялық билеттерді алғанын атап өту керек. Бүгінде партияның 860 мыңнан астам мүшесі бар.

Соңғы жаңалықтар