Қайрат Нұртас, Серік Ибрагимов, Асылхан Төлепов қазақ күресінен жарысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 наурызда «Дәулет» спорт кешенінде Наурыз мейрамын мерекелеу аясында қазақ күресінен «Өнер Барысы» республикалық турнирі өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат Астана қаласының Мәденеит және спорт басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жиырмаға жуық палуан чемпиондық белдікті сарапқа салады. Олардың ішінде бірде бір кәсіпқой спортшы жоқ. Бірақ оларды бүкіл Қазақстан халқы таниды - татамиге танымал артистер мен музыканттар шығады.

Әншілер, айтыскерлер, актерлер, КТА-ға қатысушылар ұлттық спорт түрінен шеберлік байқасады. Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Амангелді Өтешов, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Нұрлан Мұсаев, Еркебұлан Дайыров, Әлібек Серғалиев, Нұрболат Абдуллин, Ардак Байғабыл, Ғалым Махамбетов, Ақболат Өтебай, Сырымбет Бибосынов, Хамит Ердехан және басқалары боз кілемде белдеседі.

Жарыстың басты мақсаты - ұлттық спорт түрлерін, әсіресе қазақ күресін дамыту және дәріптеу, сондай-ақ жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу. Турнирді ұйымдастыруға Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы, Қазақ күресінен Қазақстан федерациясы, «Хабар» телеарнасы және «Айтыс- асыл мұра» қоғамдық қоры мұрындық болды.

Ережеге сәйкес, дүбірлі додаға 16-36 жас аралығындағы шығармашылық маман өкілдері қатыса алады.

Ақпан айының ортасында қатысуға ниет білдірген палуандар Алматыда оқу-жаттығу жиынынан өтті. Салмақ өлшеу салтанаты 19 наурызда «Дәулет» спорт кешенінде өтеді.

Соңғы жаңалықтар