Қайрат Нұртас пен Ольга Рыпакова Алматы марафонына қатысатын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы марафонында «Жұлдызды команда» жүгіретін болды. Ертең өтетін қайырымдылық шарасына «Тұран» ауыз суы брендінің арнайы командасы жасақталды. Оның құрамында Нұртас Адамбай, Қайрат Нұртас, Айя Шалқар, Жанна Иличева, Ольга Рыпакова бар.

Команда ертең «Экиден» қашықтығын эстафета арқылы бағындыратын болды. Сөре сызығынан бірінші болып әнші Қайрат Нұртас атанады.

«Мені бұл жобаға шақырғанда бірден келістім. Салауатты өмір салтын жастарға насихаттауға бір ықпалымды тигізсем, мен үшін үлкен қуаныш», - деді Қайрат Нұртас.

Әнші күнделікті жүгірмейтінін мойындады. Алайда өнер адамының күнделікті қимыл-қозғалысы үлкен физикалық дайындықты қажет етеді.

«Менің әр сахнаға шыққаным фитнес. Мен 5 шақырым қашықтықты оңай бағындырамын деп ойлаймын», - деді ол.

Белгілі блогер Жанна Ильичева бұл марафонға физиологиялық дайындықтан көрі, моральды тұрғыдан дайындалып келгенін айтты.

«Мен спортпен онша дос емеспін. Бірақ, бізге қарап жастар өседі. Шамамыз келгенше жүгіруіміз керек», - деді ол.

Шоумен Нұртас Адамбай болса, 2008 жылы Ольга Рыпакованың сынға түсер кезінде өзіне берген сертін орындауға тырысып жатқанын айтты.

«Ольга шығатын кезде, егер алтын алса, мен спортқа кетемін деп уәде беріп ем. Соны орындай алмай келем. Енді ертең соған сәл де болса жақындайтын сәт туып тұр», - деді ол.

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова болса, марафон кезіндегі ең басты қауіпсіздік шарасы жұрттың алдында жүгіру екенін айтты.

«Сонда ешкім сені таптап кетпейді (күліп). Ұлт саулығы әр қоғам мүшесінің жеке денсаулығынан қалыптасады. Кем дегенде адамның саулығының 50 пайызы өзінің өмір салтына байланысты. 20 пайызы қоршаған ортаның әсерінен болады. Генетикалық бейімділіктің де ықпалы 18 пайыз. 8-10 пайызы денсаулық сақтау жүйесінің үлесінде. Қарап отырсаңыз, өз денсаулығыңыз өз қолыңызда», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар