Қайрат Мәми өлім жазасынан бас тартуға қатысты жұмыстарға пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми өлім жазасынан бас тарту бойынша заң шығару жұмыстары жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конституциялық Кеңестің шешімдерін орындау процесі жалғасуда. Республика Президенті мәлімдеген және жүргізіп отырған қоғам мен мемлекетті одан әрі демократияландыру бағыты конституциялық бақылау органының рөлін арттыруды және Конституциялық Кеңес туралы заңнаманы жетілдіруді талап етеді.

Азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейту қажет.

Бұл бағытта соттардың Конституциялық Кеңеске өтініш жасау тәртібін, тараптардың қолданыстағы заңның конституциялығын тексеру туралы өтініштерін қарау тәртібін оңтайландыру өзекті. Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы бұл мәселелер бойынша оң қорытындысын берді», - деді ол ҚР Конституциялық Кеңесінің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын жаярлау кезінде.

Қ. Мәмидің сөзіне қарағанда, Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында жекелеген мемлекеттік функцияларды қайта қарау және олардың аясында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді бәсекелес ортаға беру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Конституциялық Кеңес «мемлекеттік функция» және «мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» ұғымдарының тең мағыналы еместігін атап өткен болатын. Бұл ұғымдарды бір-бірімен тең түсіну азаматтық-құқықтық институттардың жария-құқықтық институттармен араласып кетуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс осы конституциялық талаптар ескеріле отырып, жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізілуге тиіс.

«Қазақстанның басты мақсаттарының бірі адам құқықтарын жан-жақты қорғау болып қалуда. Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасы Президентінің өтініші бойынша Конституциялық Кеңес Республика Конституциясының өлім жазасын қолдану мәселелерін регламенттейтін ережелеріне ресми түсіндірме берді. Кеңес атап өткендей, Конституцияға және жалпыға бірдей танылған халықаралық актілерге сәйкес, өмір сүру құқығы демократиялық қоғамның негізгі құндылығы болып саналады. Негізгі Заң өлім жазасын белгілеу, олардың шеңберін қысқарту немесе одан бас тарту туралы мәселені Парламенттің құзырына қалдырады. Осы құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, тиісті заңдарды өздеріңіз ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасының ережелерімен үйлестіру жөніндегі жұмысты аяқтау керек. Сонымен қатар, құқық қорғау жүйесін жаңғырту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыс аясында қылмыстық процеске қатысушылар құқықтарының конституциялық кепілдіктерін нығайту бойынша бағытты жалғастыру керек», - деді Конституциялық Кеңестің төрағасы.

Бұдан бөлеук Қ. Мәми мүгедектер құқықтарын қорғау, оларға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында халықаралық практикада қалыптасқан нормалар мен стандарттар кешенін барынша пайдаланған жөн екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар