Қайрат Мәми: Конституция - ұлы құндылықтарды ұлықтаған қастерлі құжат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанда Конституция күні мерекесі аталып өтілуде. Еліміздің Ата Заңы - 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын. Конституция барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат. Жаңа Конституцияны қалыптастыруға қалың жұртшылықтың қатысуы Ата Заңға ерекше үстем күш беріп, оның әлеуетін арттырды. Осындай алмағайып заманда Қазақстанның Конституциясы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Бүгінгі атаулы датаға орай ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмиді әңгімеге тартып, сұхбатты көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

- Қайрат Әбдіразақұлы, Елбасының Конституцияны әзірлеу мен қабылдауда рөлі қандай?

- 1995 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қолданыстағы Ата Заңды қабылдау бастамасымен шықты. Сол қиын кезеңде миллиондаған қазақстандықтар осы идеяның айналасында бірігіп, қолдау білдірді. Референдум қорытындысы бойынша азаматтардың 89 пайызы жаңа Конституцияға өз дауыстарын берді. Ел Президенті сол кезде Қазақстан тарихында алғаш рет халықтың  болашағы өз қолында болғанын айтқан еді. Ол - халықтың Конституциясы.

Атап айтқанда, шынымен де солай болған еді. Конституция қоғамда келісім мен тұрақтылықты, жоғары экономикалық өсімді, сондай-ақ құқық үстемдігін бекітуді қамтамасыз етті.

Демократиялық даму жолына түскен кез келген елде Ата Заң мемлекеттіліктің, құқық үстемдігінің, тұрақтылық пен гүлденудің негізі болады. Осы орайда жалпыға ортақ әділеттілік орнайды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Қазақстан алдында өзінің конституциялық моделін айқындау бойынша ерекше маңызды мақсат тұрды. Бұл бағыттағы дұрыс қадамға жас мемлекеттің тағдыры тікелей байланысты болды. Яғни мемлекеттік реформалар жүргізуге қауқарлы болуы, әлемдік қоғамдастықтың теңқұқылы мүшелігіне енуі секілді мәселелерге назар аударылды.

- Неліктен Конституцияға өзгерістер енгізу қажеттігі туындайды?

- Негізгі Заң қоғам мен мемлекеттің дамуы сұраныстарына сәйкес болуы тиіс. Экономикалық, саяси және басқа да жағдайлардың пісіп жетілуіне қарай, Ата Заң да жетілдіріледі. Осы жылдары үш конституциялық реформа өткізілді. Бұл тұрғыда ұлттық ерекшеліктермен қатар, шетелдік жетекші тәжірибелер де ескерілді. Осы процеске қазақстандық қоғамның барлық сегменттері жұмылдырылды. Әр кезде конституциялық новеллалар түрлі салаларды жаңғыртуда тың серпін беріп отырды.

Осы жылдары Қазақстан конституциясы өзінің жоғары тиімділігін көрсетіп, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етті. Жаңа Ата Заң елдің үдемелі дамуының, қазақстандықтар әл-ауқатының артуының, сенім мен сыйластықтың нығаюының іргетасын қалады.

 - 2017 жылғы конституциялық реформаның негізгі бағыттары қандай?

- Өткен жылы Елбасының бастамасымен ауқымды конституциялық реформа жүргізілді. Бұл шаралар басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және саяси жүйені демократияландыруға негізделген.

Осы орайда Мемлекет басшысының кейбір билік өкілеттіктерін Парламент пен Үкімет арасында қайта бөлу жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Парламенттің Үкімет қызметіне бақылау өкілеттігі ауқымды түрде күшейтілді. Азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғау тетіктері нығайтылды. «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қызметі үшін, сондай-ақ құқық қорғау жүйесін жетілдіру тұрғысына құқықтық негіздер құрылды. Мемлекеттілік тірегін сақтаудың қосымша тетіктері енгізілді. Қазіргі кезде ол заңнамадағы елеулі өзгерістермен бекемделіп, тәжірибе жүзінде іске асырылып жатыр.

Алған бағыттың жүйелігі әрі Негізгі Заңның қоғамдық дамудың сұраныстарына сәйкестігі конституциялық реформалармен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар ғылыми негізге сүйене отырып жүргізілді.

 - Жыл сайын дәстүрлі түрде елімізде Конституция күніне арналған халықаралық конференция өтеді. Жалпы, бұл конференциялар не үшін керек?

- Конституция күні әлемнің көп елдерінде атап өтіледі. Бұл өз кезегінде қоғам мен мемлекет өмірінде Конституцияның айрықша рөлін байқатады. Сондықтан осы фактілер Ата Заңның елдің дамуы мен жаңғыруындағы маңызын жан-жақты түсінуге себеп болады.

Астанада өткен халықаралық конференция аясында Конституция әлеуетін ары қарай ашу, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, осы процесте конституциялық бақылау органдарының рөлі мәселелерін талқыладық. Конференция жұмысына халықаралық ұйымдар делегациялары, конституциялық бақылау органдары өкілдері, сондай-ақ 20-дан астам елден белгілі ғалымдар қатысты.

Конституция - егеменді Қазақстанның берік іргетасы, азаттығымыздың айшықты айғағы, ұлы құндылықтарды ұлықтаған елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат. Қасым ханның қасқа жолынан, Есім ханның ескі жолынан, Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысынан» бастау алып, жалпы демократиялық принциптерге негізделген Ата Заңымызға биыл жиырма үш жыл толып отыр. Осы орайда ел халқын Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен құттықтаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар