Қайрат Мәми: «Атамекен» ҰКП басқарудың, бизнес қауымдастықпен кері байланыстың қуатты жүйесіне ие

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғарғы Сот «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғаудың тиімділігін арттыру мақсатында бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұндай Жол картасын әзірлей отырып, біз алдымызға ҰКП мүшелерінің ғана емес, барлық кәсіпкерлердің мүдделерін сенімді сот қорғауымен қамтамасыз етуді мақсат етіп қойдық. Қазіргі таңда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарудың және бизнес қауымдастықпен кері байланыстың қуатты жүйесі, сондай-ақ салмақты сараптамалық-талдамалық база құрылды. Егер де бүгін көтерілетін мәселелер сапалы шешімін табар болса, қабылданатын шаралар сотта құқығын қорғауды қажет ететіндер үшін пайдалы болмақ», - деді форумда Жоғарғы Сот төрағасы.   

Өз кезегінде, «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов «кейде шенеуніктер мемлекеттің мүддесін бюджеттің кіріс бөлігін толтырумен байланыстыратындығын» атап өтті.

Статистика бойынша сотта қаралатын істердің 20-30%-ы ғана бизнес пайдасына шешіледі. «Атамекен» өкілдері кәсіпкерлердің мүдделері бюджет мүддесімен бір қатарда тұруы қажеттігін алға тартады. Ұлттық палата Жоғары Сотпен бірлесіп орын алатын даулардың себебі мен туындау жағдайын анықтау мақсатында салық және кедендік мәселелер, сатып алу саласы, экология, банкроттық және оңалту, әкімдіктермен және квазимемлекеттік компаниялармен болатын дауларға қатысты жеті салаға талдау жасауды жоспарлап отыр.

Форум соңында Бизнесті сотта қорғау бойынша бірлескен жұмыс жол картасына қол қою рәсімі өтті. Құжатқа Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қол қойды.

Жол картасы аясында соттарда сот төрелігінің негізгі принциптері: жарыспалылық пен тараптардың теңдігін сақтау мәселесі сараптамалық талдаудан өтеді.

Жоғары Сот «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнес-қоғамдастық тарапынан соттарға деген сенім деңгейін анықтау мақсатында қоғамдық көзқарасқа зерттеу жүргізеді. Бизнестегі өзара қарым-қатынастың құқықтық мәдениетін арттыру бойынша шаралар қабылдау көзделіп отыр. Атап айтқанда, мәмілелерді құқықтық сүйемелдеу, шарттық міндеттемелерді бұлжытпай орындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ дауларды сотқа дейінгі реттеу тәсілдерін қолдану күшейтілетін болады.

Іс-шара соңында форумға қатысушылары Жоғары Соттың Ахуалдық орталығының мүмкіндіктерімен танысты. 

Соңғы жаңалықтар