Қайрат Қожамжаров қазақстандық прокурорларға үндеу жариялады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауына байланысты ҚР Бас прокуратурасының сайтында Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың қазақстандық прокурорларға үндеуі жарияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Елдің стратегиялық тұрғыда дамуының басым бағыттарының бірі ретінде Ұлт Көшбасшысы заңның үстемдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жеке атап өтеді. Қазіргі уақытта аталған тапсырма барлық құқық қорғау органдары жұмысының басты бағдары болып табылады. Ең алдымен, Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі таңда заңның үстемдігі үшін сот және құқық қорғау жүйелеріндегі институционалдық өзгерістердің маңызын ерекше атап өтті», - дейді ҚР Бас прокуроры.

Қайрат Қожамжаров атап өткендей, Президенттің бастамасы бойынша өткен жылы Заң қабылданып, құқық қорғау салалары айтарлықтай жаңғыртылған. Алдағы уақытта да барлық құқық қорғау органдары Президенттің тапсырмасын жүзеге асыруға күш салатын болады.

«Өз кезегінде прокуратура органдары бақылауды күшейту арқылы өз міндеттерін орындап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында органдардың жұмысын үйлестіретін болады. Сіздердің назарларыңызды төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында құқық қорғау жүйесін цифрлық технологияларсыз дамыту мүмкін емес екеніне аударғым келеді. Осыған байланысты қылмыстық сот ісі кезең-кезеңмен электронды форматқа көшіріледі. Цифрландыру біздің халықпен қарым-қатынас жасау саласын да қамтиды. Бұл артық болып отырған әкімшілік кедергілердің көзін жояды», - дейді Қайрат Қожамжаров.

Оның сөзіне сүйенсек, заңды және жеке тұлғалардың өтінішінің лайықты әрі уақтылы шешілуі азаматтардың құқықтарының қорғалуының тиімді құралы бола білуі керек. Ол үшін келешекте Құқық қорғау қызметтерінің орталықтарының жұмысын күшейтілмек.

«Біздің жұмысымыздың басты бағасы - халықтың сеніміне ие болу деңгейін одан ары көтеру», - дейді ҚР Бас прокуроры.

Соңғы жаңалықтар