Қайрат Келімбетов Халықаралық валюта қорының өкілімен ғаламдық экономиканың даму мәселелерін талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов пен Халықаралық валюта қорының Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдері департаментінің директоры Масуд Ахмедпен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстанның ақша-несие саясаты, ғаламдық экономиканың дамуы мәселелері тілге тиек етілді. Сондай-ақ, тараптар жақын уақытқа жоспарланған ХВҚ директор-өкілі Кристин Лагардтың Қазақстанға сапары туралы талқылады.

Жақында Қазақстанда ХВҚ аймақтық форумы өтеді. Форум аясында Орталық Азиядағы өңірлік Техникалық көмек орталығы ашылады деп жоспарланып отыр.

«Қазақстан дамушы ел ретінде қиын кезеңді басынан өткеріп жатыр. Мұнай бағасының төмендеуі Қазақстан, Ресей, Қытай елдерінің экономикасының дамуын бәсеңдеткені рас. Болжам біз күткеннен біраз төменірек болатыны белгілі. Ұлттық банкі заманауи монетарлы, ақша-несие саясатын жүргізіп келеді. Халықаралық валюта қоры Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу туралы шешімін қолдайды. Валюта бағамының еркін қозғалысы - инфляциялық таргеттеуге көшудің басты шарты. Сондай-ақ, екінші инструмент ретінде Ұлтттық банк қойған базалық ставканы атауға болады», - деді Масуд Ахмед.

ХВҚ өкілі Астанада халықаралық қаржы орталығын құру туралы бастаманы қолдайтынын жеткізді.

«Бұл - жасампаз жоба. Оны жүзеге асыру үшін бірнеше жыл керек. Жоба жақсы ойластырылған. Аймақтың талаптарын орындауға толығымен жауап береді», - деді М.Ахмед.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы ел экономикасының халықаралық және аймақтық сауда, қаржы қатынастарына еркін енуіне мүмкіндік бермек.

Айта кету керек, ертең Астанада ХВҚ өкілі Масуд Ахмед ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен ҚР Үкімет мүшелерімен кездеседі. Кездесуге ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов қатысады.

Соңғы жаңалықтар