Қайрат Боранбаевқа тиеслі газ компанияның активтері бұғатталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржылық мониторинг агенттігі «АзияГазЧунджа» ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа және «Qazaq Gaz» АҚ Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Таир Жанұзаққа қатысты істі тергеуді аяқтады. Оларға сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге ұрлау және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша айыптар тағылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокуратура істі соттың қарауына жіберді.

«Ұлттық компанияға келтірілген залал «Qazaq Gaz» АҚ шоттарына аудару арқылы толық көлемде өтелді. Аяқталған іс шеңберінде азаматтық талап қою және мүлікті тәркілеу бөлігінде үкімнің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында айыпталушылардың 38 млрд теңге сомасындағы ақшалай қаражатына, 15 жылжымайтын мүлік объектісіне, 3 автокөлік құралына тыйым салынды», - делінген хабарламада.

Агенттік Қайрат Боранбаевқа және басқа адамдарға қатысты газ экспорты кезінде ұрлау және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері бойынша бөлінген істер шеңберінде сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда.

Естеріңізге сала кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың үстінен квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактісімен іс қозғап, изоляторға қамаған болатын.

Қазіргі уақытта ірі мөлшерде, оның ішінде шетелде қылмыстық кірісті заңдастыру белгілері бар неғұрлым резонанстық істерді тергеп-тексеру ерекше бақылауда.


Соңғы жаңалықтар