Қайрат Боранбаев мемлекеттік наградаларды кері қайтарады, мүлкі тәркіленеді - сот үкімі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сот үкімінде Қайрат Боранбаевқа тағайындалған мемлекеттік наградаларды кері қайтару туралы айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қылмыстық кодекстің 49-бабы 2-бөлігіне сәйкес Қайрат Боранбаевты мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс енгізілсін», - деді үкімді оқыған судья Назгүл Бапақова.

Қайрат Боранбаевқа берілген мемлекеттік наградалар қатарында «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені бар.

«Мемлекет мүддесіне Қ. Боранбаевтың әл-Фараби көшесіндегі (Алматы қаласы) үй-жай мен жер учаскесі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге сомасындағы қаражат тәркіленсін. Сонымен қатар, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы екі шотқа бөлініп салынған 2 млрд 847 млн 877 мың 603 теңге де тәркіленсін. Аталған шоттағы қалған сомаға арест қойылсын», - дейді судья.

Бұған дейін Қайрат Боранбаевқа 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны туралы хабарлаған едік.

Еске салсақ, өткен жылы 17 наурызда соттың шешімімен Қайрат Боранбаев 2 айға қамалған еді. Кейін Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың сыртқа заңсыз шығарылған активтері қайтарыла бастағаны хабарланды.

Айта кетсек, Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы былтыр 30 желтоқсанда басталды.

28 наурызда өткен сот отырысында прокурор Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрады.

Бүгін түске дейін Қайрат Боранбаев сот алдындағы соңғы сөзін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар