Қайрат Байбосынов: Әншілік - менің ең басты бақытым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегінің бір бөлімі «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» аталады. Онда Елбасы «Дала фольклорының антологиясын» жасап, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажеттігін алға тартқан болатын. Мұндай маңызды туындылар негізінен қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындалады. Осы тұста қазіргі заманғы дәстүрлі әндердің негізін қалаған классик, әйгілі әншіміз Қайрат Байбосынов Қазақ хандығының 550-жылдығына 550 әнді жазып таспаға түсіргенін айта кеткіміз келеді. Оны «Сыр сандық» деп атаған. Оның бір ерекшелігі көпшілік ешқашан естімеген, бұрындары еш жерде орындалмаған әндер де жинаққа енген. Осыған байланысты ардақты әнші Қайрат Байбосынов пен журналист Махат Садықтың әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

Махат Садық:

Ғұлама жазушы Ғабең, Ғабит Мүсрепов әйгілі әншіміз Күләш Байсейітова туралы: «Күләштің дауысы күшті дауыстарға қосылмауы мүмкін. Бірақ сол аз ғанасы құлаққа түгел сүйкімді болушы еді. Сол аз ғанасы түгел күмістен жаралғандай ерекше бір сыңғырлы, ерекше бір қоңыраулы болатын. Күләш өзі әннен жаралған жан еді. Күләш шыға келгенде сахнаны жалғыз толтырып кетуші еді... Күләштің өзі ән еді, өнер еді. Қайнатары жоқ, қоспасы жоқ, таза талант» деген екен. Ұлы жазушының осы ойларын сабақтасақ, Күләшті көрмеген өткен ғасырдың екінші жартысында өмірге келген біздің ұрпақ үшін Қайрат Байбосынов та сондай тарлан талант иесі. Тедедидардан сізді көргенде дархан даламыздың ұлылығын сезетінбіз. Ауылдағы әнге құмар қазақ сіздің мақамға салып ән айтатын. Жалпақ даламыз Қайратша шырқайтын. Сол Ұлы Ғабеңнен өзіңіз де бата алдыңыз ғой. Әңгімемізді осыдан сабақтасақ.

Қайрат Байбосынов:

Он тоғыз жасымда Ғабит Мүсреповпен таныстым... «Қыз Жібек» фильмінде бас кейіпкер Төлегеннің атынан ән сал­дым. «Қыз Жібек» фильмі - қазақ кино өнерінің классикасы. Рухты жігерліндіретін қазақы фильм. Бұл фильм әр қазақтың өмірінен ерекше орын алады. Менің де шығармашылығымының бастауы. «Қыз Жібек» фильмі тағдырымда шешуші роль атқарды. Ба­ғым­ды ашқан, осы фильмде ән салуыма ықпал еткен ұлы композитор, «Қыз Жібек» фильміне арнап музыка жазған Нұрғиса Тілендиев ағамыз болатын.

Ол кезде де қазіргідей көп болмаса да жиын – тойлар болып тұратын. Алматыдағы сондай үлкен басқосыларда Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин бастаған ұлы тұлғаларымыздың алдында крустасым Жәнібек Кәрменов екеуіміз талай рет ән айттық. Қазір ойлап қарасам ол кезде біз паңдықты да, атақ желігі дегендерді де сезінбейтінбіз. Тау тұлға ағаларымыз да жөн–жосықсыз лепірме мақтауларды айтпайтын. Мақтағанда да қазіргідей жер мен көкке жеткізіп мадақтамайтын. Есімде қалған бір ауыз сөздері: «Қарағым, осы өнер жолынан таңба. Арақ ішпе. Өркенін өссін! Көп дайындал, көп ән үйрен. Қоржының әнге толсын», - деген тілек білдіретін. Соның өзі бізге ерекше шабыт беретін. Сол ақсақалдарымыздың алдында ән айтатынымызды білгенде үлкен концертке дайындалатындай ыждағаттықпен әзірленіп толғаныста жүретінбіз. Олардың қас-қабағынан-ақ әнді қалай орындап тұрғанымызды сезінетінбіз.

Махат Садық:

Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Ілияс Омаров сынды тұлғалар кезінде қа­зақтың алғашқы дәстүрлік ән мектебінің ір­гетасын қалады. Қазір бюджеттен қаржыландырылатын жоғары және орта білім беретін оқу орындарында кәсіби әншілер дайындауға мүмкіндік бар. Сіздердің тұстарыңызда жоғары оқу орын­дарында тек ән айтудың тех­никалық жүйесін үйретсе, қазір нотаны да үй­ретететін болдыңыздар. Бірнеше жыл «Қазақ радиосында» басшылықта болғанымда Сіздің шәкірттеріңізбен бірге қызмет атқардым. Талантты, дарынды жастар. Олардың маңдайына ұстазы Қайрат Байбосыновтай дара жұлдыз болу жазбаса да, ұлттық өнерді ел ішінде насихаттауға ерен еңбек жасап жүр. Дала баласының табиғат сыйлаған тума нәзік талантын қалай шыңдауға болады? Балалық шағыңызды еске алып, үлкен өнерге келген жолыңызбен бөліссеңіз?

Қайрат Байбосынов:

Бізден беріде де талай заман өзгерді. Прогресс тоқтамайды. Талантты жастарымыз өте көп. Академияға қабылданатын жастардың бәрі дерлік бірнеше байқаулардың жеңімпазы. Кәсіби деңгейлері жоғары.

Біз енді қырда өстік. Ауылда радионы тыңдап, айтылған әндердің мақамын қаз-қалпында қағып алып орындап жүрдік. Шынында радиодан алыс кетпейтінбіз. Үйренген әніміз қайталанғанда дұрыс түсінбеген жерімізді жөндейтінбіз. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Білгеніміз Қазақ радиосы мен Шалқар. Қазақ әндерін осы екі радиодан үйреніп әнші болған мен ғана емес шығармын. Мен секілді менің замандастарым аз емес.

Содан да болар анау әншіге еліктедім деп айта алмаймын. Халық әндерін радиодан орындайтын аға – апаларымыздың барлығынан да тәлім алдым. Өнерге жақындығым қанмен келген. Әкем Әбубәкір, кейіннен Әубәкір деп атап кеткен. Әкеміз дүниеден ерте өтті. Анам бізге бір өзі қорған болды. Әкем «сегіз қырлы, бір сырлы» адам болған. Бүгінгі Байбосынов биігіне жету үшін мен әкемдей жалықпай еңбек еттім. Хан тағына лайықты, асқар тау ғой әке деген. Әкедей болу, әке аманатын орындау бала үшін үлкен бақыт. Әке тағылымы мен тәрбиесі ерекше. Әкем мықты қобызшы болатын. Оған қоса он саусағынан өнер тамған қолөнерші. Домбыра, қобыз не дейсіз тұрмысқа қажетті саптама етік, жалпы қазақы тұрмысқа не қажет бәрін өзі қолымен жасаған адам. Арғы аталарым атақты дәулескер күйші - Сайдалы Сартоқы. Қанмен келген өнер немесе генетикалық код болар. Бір шаңырақтан екі өнерші шықтық. Мен әншімін. Інім Ахат Байбосынов Жезқазғандағы филорманияда талай жыл күйші болды. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреты, ел танитын белгілі күйші.

Ауылымыздағы халық театрынан қанат қағып шықтық. Қазір ойланып қарасам таңқаларлық жәйт біздің ауылдағы барлық бала домыра тартатын. Кеш қарая малды қораға жайғастырып болған соң үлкендер жағы көшеге шығатын. Біз балалар домбырамызды шертіп, әнімізді айтып кішкентай оркестр тәрізді концерт қоятынбыз. Тәрбие бесіктен деген осы. Ауыл болсын, қала болсын ересектер өмірлік жолды қалай бастаса, келесі толқын соны солай жалғастырады. Ауылымыздағы әр шаңырақта бірден, кей үйлерде екіден домбыра болды. Ұлттық рух, ұлттық дәстүр осылай тұрмысымыздың мәніне айналды. «Ауылдың алты ауызы» деген мәтел содан қалған болар деп ойлаймын.

Махат Садық:

Қай халықтың болса да басынан өткен дәуірлері мен қилы-қилы кезеңдері, өсіп-өркендеу жолы ұлттық салт-дәстүріне із қалдырмай өте алмайды. Мәдениет пен өнер де де осы қоғам жүрген жолмен өзгереді. Ән тақырыбы да, саз иірімдері де сол заманның лебін сездірері анық. Сіз өз сөзіңізде «бізден беріде де талай заман өзгерді. Прогресс тоқтамайды», - дедіңіз. Сіздің жас кезіңізде үлкен өнердің жюриі Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділдә Тәжібаев секілді алып тұлғалар еді. Бүгін ол орынды сіз бен сіздің замандастар басты. Кейінгі жылдары екі-үш нотадан құралған жылауық әндер қаптап кетті деген пікір көп айтылуда. Көпті көргеннен сұра дейді. Соны сұрасақ дейміз?

Қайрат Байбосынов:

Мен Жүсіпбек Елебековтың шәкіртімін. Мен әрқашан өзімнің ұстазым Жүсіпбек Еле­бе­ковтің тағылымын ұста­намын. Өйткені ұстаз берген тәлім-тәрбие, белгілі қа­ғидалар маған артылған аманаттай көрінеді. Яғни менің бар мақсатым - сан ғасырлық сырға толы та­ғылымды тарихы бар хал­қымыздың дәстүрлі ән өнерін еш өзгеріссіз, табиғи қал­пында кейінгі ұрпаққа жеткізу, үйренген дүние­лерімді бұзбай-жармай шәкірттеріме үйрету.

Кенен Әзірбаев өзінің қайғылы «Базар-Назарын» ешқашан сахнадан айтпаған. Қазір сондай трагедиялық әндерді сахнада айту сәнге айналды. Тіпті кейбір әншілеріміз концертке жиналған жұртшылықтан бұрын өздері зар еңіреп жылап тұрады. Соны түсінбеймін. Менің ойымша, сахна көрерменді рахатқа бөлеп, демалдыруы үшін керек. Қазақтың әні мен әуені ешбір қиындыққа, зар заманға мойымаған өр мінезді. Рух беретін құдіретті күшті қайсар дүние.

Ал енді екі-үш ноталы әндерге келсек ол тойға арналған әндер. Жылдың төрт мезгілі секілді ол әндердің де ғұмыры бір мерзімдік, бір ойлық қана. Тойға жиылғандар арақ - шараптан тартады. Шарап буымен масайған миға шалажансар әндер майдай жағады. Байқап жүрмін кейінгі жастар арақ-шараптан бойларын аулақ ұстайтын болып келеді. Халал тойлар да көбейді. Қазақ мұсылмандыққа, өз салтына оралуда. Әндеріміз де атам заманғы саф алтындай әдемі образдармен көркемдік биігіне көтерілеріне сенемін.

Ал, қазақтың дәс­түрлі әндері мағынасы жағынан да, орындаушылық шеберліктен де жоғарылап өсуде. Оның себебі мынада, жыл са­йын өткізіліп тұратын Балуан Шолақ, Естай, Мұхит, Кенен Әзірбаев, Павлодардағы Жаяу Мұса, Майра, Мақаншыдағы Әсет Найманбаев атындағы бай­қаулар, уақыт өткен сайын деңгейі өсе түскен «Шабыт» ха­лықаралық фес­тивалі жас өнерпаздарға дәстүрлі әндерді насихаттап, оны жаңғыртуға әсер етпей қоймасы анық.

Талай сен тұр, мен жырлайын дейтіндей мықты өнерпаздарды даярлап жатырмыз. Қолдарына табақтай диплом тапсырып, мақтап-мадақтап ұлы өнер жолына аттандырамыз. Әрі қарай олар қайда барады. Міне, мәселе сонда. Бұрын Қазақконцерт, Филормония деген үлкен мекемелер бар еді. Олардың облыстарда да сондай мекемелері болатын. Министрлік білім алған жастарды тиісті орындарға жолдама беріп жіберетін. Қазір ондай жоқ. Әркім өз орнын өзі табуы керек. Мен оқыттым. Білгенімді үйреттім. Қолымнан келері сол. Шәкіртім өзімнен озсын дедім. Бірақ оны қызметке орналастырар құзыретім жоқ. Осы жағынан келсек, талантты аза­мат­тарымызды халыққа таныта алмай жатқанымыз да шындық...

Махат Садық:

Қайрат аға, сіз еліміздегі қазіргі дәстүрлі ән мектебінің негізін қалыптастырдыңыз. Қазір мемлекеттік концерттеріміз ұлттық нақышта басталады. Ол да жақсы. Бұл ұлттық дәстүр бірінші кезекте дегенді білдірсе керек. Сол ұлттық дүниетанымды әлемдік деңгейге шығару талпынысы бар. Біреу оны қолдайды, қарсылары да жоқ емес. Мысалы, Асылбек Еңсеповты басқа елдің азаматтары той-думандарына шақырып жатады. Еуродомбырашы деген атағы бар. Бекболат Тілеухан «Молдабайды» желпіндіріп, дедектетіп дәстүрлі әнге жаңаша көрініс, жаңаша бағыт тудырды. Өнерімізді дамыту керек - ақ. Сонда оны әлемдік деңгейге шығаруға болар деп ойлаймын.

Спорт саласындағы азаматтарымыз «Қазақ күресінің» дәстүрлі айла-тәсілдерін жетілдіріп, дүниежүзінің палуандарын ұлттық күресімізге баулып жатыр. Әлемдік додалар да өткізіп жүр.

Кезінде Күләш Байсейітова Мәскеуді таңқалдырды. Парижде Әміре Қашаубаев музыка сүйер еуропалық қауымды қайран қалдырды. Бүгінгі күні Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай секілді музыканың көп айтылып, жиі еске алынатын танымал тұлғаларын басқалар емес, өзіміздің қазақша ойлайтын жастарымыз да біле бермейді. Бірақ Үнді, Түрік және Корей тіптен Филлипин елдері секілді елдердің телесериалдарынан солардың ұлттық әуендері мен тұрмыстық салттарына қызығушылықты қазақ жастарынан байқап жүрміз. Тіптен солардың стилінде киініп, әндерін айтатын топ та шығып жатыр. Олардың қолдаушы ауыл жастары аз емес.

Қайрат Байбосынов:

Жәнібек Кәрменовпен қатар оқыдық. Жәнібек Жүсіпбек ағамыздың аузынан шыққанын қағып алатын. Мақамын ғана емес, қимыл -әрекетін де айнытпай дәл сол күйінше қайталайтын. Мен де Жәнібек марқұм айтатын әнді айттым. Бірақ менен басқаша бояу шығатын. Нотасын өзгертпеймін. Қазақтың классик жазушысы Ғабиден Мұтафин бірде менің орындауымдағы әнді тыңдап болған соң: «Әй, Жүсеке, сен өзіңнен-өзің астың. Баритоннан тенор әнші шығардың», - деген еді. Бұл жазушының таңқалысы болатын. Баритон дауысты әншілер ол кезде мойындары бұрылмай, қатқан қазықтай әндететін. Тенор дегені мен, емін - еркін бүлкілдетіп әнді орындадым. Әрине, ол ұстазым көкірегіме сол дауысты құя салған жоқ. Ол менің де еңбегім. Қиялым. Осыған жетсем деген арманым. Он жасымда «Мың бір түн» хикаясының төрт томын оқып шықтым. Сол сан тарау хикаят қиялдарына елтіп, тау-тасты аралап, туған жердің құпиясын ашсам деген асыл арман жетегінде жүрдім. Сурет салып кіндік қаным тамған жерімді жер жаһанға танымал етсем деп ойлайтынмын. Сол қиял, сол арман көкірегімнен әуезді ән болып төгілген шығар деп қазір ойлаймын.

Ауылымыздың мықты өнерпазы Игілік Омаров өте бір сырбаз әнші еді. Әр әнді тайға таңба басқандай жеріне жеткізе шырқайтын. Игілік ағамдай әнді құлпыртып, талғаммен тәтті жеткізетін, мөлдір судай шөлдеген адамның ағзазын қандыратын орындаушыны ешқашан кездестірмедім. Жас кезімнен сол мектептен өттім. Ал қазіргі жастар өзіңіз айтып отырғандай теледидар қарайды. Содан көргенін үйренеді, қайталайды. Біз кітап оқыдық. Сол шығармалар желісімен қиялға шомдық.

Қазір эстрада дәстүрлі әнді басып кетті. Насихат та соны дәріптейді. Қазақтың тойы да - эстрада. Тойға келген кемпір мен шал да домбыра емес, эстрада керек деп, жүз граммды қағып салып биге шығады. Соның бәрі уақытша «балалық әумесерлік» деп ойлаймын. Таяуда елорданың маңындағы елді-мекендерді шәкірттеріммен аралап концерт бердік. Жұрт жақсы жиналды. Тамаша демалыс сыйладыңдар деп, алғыстарын жаудырды. Бізді ұлттық өнерден аластатқан, уақытша адастырған - арақ.

Дүние жүзін, әлемнің көптеген елдерін аралап ән айттым. Бізге қарап тамсанған жұрт көп болды, ешкім де тас ғасырынан келгендер деп айтқан емес. Қайта керісінше, қайран қалды. Қол соқты. Өнерімізге бас иді. Кейде ойлаймын, мен операға барсам да, эстрадаға барсам да осы қазақ танитын Қайрат Байбосынов болар едім. Соған үндегендер болды. Бірақ таңдауым дәстүрлі әндер болды, сол жолымнан таймадым.

Жапонияда қырық бес күн жүріп ән айттым. Біраз әндерімді олар жазып алды. Бір сәт жалыққаннан әндерімді қысқа қайыруға көшкем. Сонда жапон маманы: «Сіз асықпаңыз, демалыңыз. Сосын еш қысқартусыз, толық орындауыңызды өтініп сұраймыз» дегенде мен де таңғалдым. Токиоға барып келгендер Жапон Ұлттық мұражайында менің дискімді көргендерін айтады. Жалпы олар біздің әндерді зерттеп өздеріне қажетін керегіне жаратуы да мүмкін. Өнер деген шекара талғамайды. Бір әнге алыстағы келесі әннің әуені ұқсауы да содан.

«Дауыс пен сөз сұ­лулығы - жан сыйы» деген Шәкәрім Құдайбердіұлы. Ендеше, әншілік - менің ең басты бақытым. Бұл - ең әуелі, Құдайдың берген қасиеті, сыйы деп есептеймін.

Қазір университет қабыр­ғасында сабақ беремін, өнерімді шәкірттеріме үйретіп жүрмін. Заманында дәу креслоға жабысып, маңайына адам жолатпайтын, өзінше сұсты, қызметіне құлдық ұрмағандарға қиянат жасайтын шенеуніктер зей­нетке шыққан соң ешкімге керексіз болып қалады. Осын­дай жағ­дайда қалған, кеудесінде өлмес жаны ғана бар талай пенделерді көріп жүрмін.

Сон­дықтан адам арманның орындалуы – қашанда сыйлы болып қалу.

Бес мың данамен шыққан «Сыр сандық» аудиокітабымды ауқатты бір азаматымыз шығарды. Бар шығынын өзі көтерді. Елге жетсін, жоғалмасын деген ниеті түзу бауыр. Осындай азаматтарымыздың қатары көбейген сайын ертеңге сеніміміз мығым болады.

Махат Садық:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана Ұлытауда өткен жиында қазақ халқының, оның ұлы тарихи тұлғаларының ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек деді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Монғолияның Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отырғанын мысал ретінде атап өтіп, осындай ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың біле бермейтінен тоқталды. Жошы ханның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет екеніне тоқталып, ата-бабаларымыздың аманатына адал болуға шақырды.

Осы тұста еңбектеген бала кезімізден құлағымыз естіген аңыз еске түседі. Ол - халық күйі Ақсақ құлан. Ерте замандаЖошы ханның ұлы құлан аулауға шығып, үйірді бастап жүрген басшы құланды жаралайды. Ызалы құлан аңшыға тап беріп, оны өлтіреді. Жошы хан бір сұмдықтың болғанын сезіп, баласы туралы жаман хабар әкелген адамның көмейіне қорғасын құямын дейді. Сол кезде бір жігіт келіпдомбыра алып, бір күйді тарта жөнеледі. Хан осы күй арқылы бәрін түсінеді, сөйтіп, сертін бұзбас үшін, домбыраның көмейіне қорғасын құйғызады. Осылай ма еді Қайрат аға?

Қайрат Байбосынов:

Ертеде ел билеген қатал Жошы хан өмір сүріпті. Оның бала дегенде жалғыз ұлы болыпты. Бір күні баласы аңға шығар алдында әкесі жаман түс көріп, баласын тоқтатқысы келеді. Баласы әке сөзіне мән бермей, нөкерлерін ертіп, ұзақ жолға шығады. Біршама уақыт өткен соң, жазық далада бір топ құланның жайылып жүргенін көреді. Бала құланды қуып жүріп, алысқа ұзап кеткенін байқамай қалады. Хан баласының атқан оғы құланның аяғына тиеді. Құлан хан баласына қарсы шығып, оны теуіп өлтіреді. Арада біразуақыт өтеді. Хан нөкерлері баланың қазасын әкесіне қалай естіртуді білмейді. Хан жүрегі сезгендей, «Кімде-кім баламды естірте келсе, сол кісінің көмейіне қорғасын құйдыртам» — дейді. Сол елде асқан күйші қазаны естіртетін болып, сарайға келіп, хан алдында күй тарта береді. Ханның көз алдына баласының қандай жағдайда қайтыс болғаны елестейді. Күйші барлығын күй тілінде жеткізген екен. Сонда хан: «Балам өлген екен ғой, мына кісінің көмейіне қорғасын балқытып құйыңдар»- деп жарлық береді. Дат тақсыр! – дейді күйші. – Бәлкім жаманат хабарды жеткізген домбырам шығар. Амалы таусылған хан баласының қазасын естірткен домбыраның шанағына қорғасын құйдырады. Осылай айтылады. Басқа да варианттары бар. Ал, мен және менің жерлестерім халық күйі Ақсақ құланды орындағанда оны аңыз-ертегі емес, нақты өмірде болған уақиға ретінде қабылдайтынбыз.

Оған себеп, туған ауылымыздың іргесіндегі Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде,Қаракеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне архитектуралық ескерткіш - Жошы хан кесенесін бала кезімізден көріп өстік қой.


Соңғы жаңалықтар