Қайрат Әбсаттаров Жезқазған әкімі лауазымынан босатылды
2022 жылғы 23 маусым 17:50

Қайрат Әбсаттаров Жезқазған әкімі лауазымынан босатылды

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Қайрат Әбсаттаров басқа қызметке ауысуына байланысты Жезқазған қаласы әкімі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайрат Әбсаттаров Жезқазған қаласының әкімі лауазымын екі жылға жуық уақыт атқарды. Фейсбуктегі парақшасында қала тұрғындарына туған өлкені дамытуда бірлесе еңбек еткені үшін алғыс білдірді.

«Құрметті жерлестер, ардақты ата жұртым, қала әкімі лауазымындағы 2 жылға жуық қызметім мәресіне жетіп, алдарыңыздан өтудің кезі де келді.

Сіздерге алғашқы күннен бастап, әкім қызметіне келген себебімді айтқан болатынмын - ол туған жерімнің, қаламның жай-күйін жақсартуға риясыз қызмет атқарып, үлесімді қосу.

Осы уақытта қаламыздың ыстығы мен суығын халықпен бірге көрдім. Өздеріңізбен «еститін Үкімет» қағидатымен ашық диалог құруға барынша тырыстым. Жүйесіздік басым жағдайында тоқырап қалған қала тірлігін жандандыру үшін халықпен үндестіктің ауадай қажет екенін барынша түсініп, проблемаларды қоғамға да, жоғарғы басшылыққа да ашық жарияладым - бұл тозығы жеткен қаламыздың жан-жақты жай-күйін жоғары жақтың да терең сезінуіне жеткізудің амалы еді.

Әрине, бұл форматтағы жұмыс әкімшілікті де аямады - өткір сын да айтылды, орынсыз мін де тағылды.

Десек те, бұл бағыт әкімдік мекемелерінің белсенділігін арттырды. Бұл форматты үнемі ұстану қажет, себебі, мемлекеттік қызметтің халықпен жариялылық түрде жұмыс атқаруы «Жаңа Қазақстанның» талабы», - деп жазды ол парақшасында.

Қайрат Әбсаттаров Жезқазған қаласы әкімі лауазымынан басқа қызметке ауысыуына байланысты босатылды. Әзірге қалаға жаңа әкім тағайындалған жоқ.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT