Қайдар Алдажұманов: Қазақ тарихындағы нәубет бір ғана тұлғаның қолымен жасалған жоқ...

None
None
  АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 1920 жылдан бастап 1938 жылдарға дейін жалғасқан қазақ халқының басына түскен нәубет - адамзат тарихындағы үлкен трагедияның бірі. Қазақ тарихындағы қасаң кезеңнің ақтаңдақтары толық ашылды ма? Сол кездегі архив құжаттарында біраз шындық қамтылғанын ескерсек, оның бәрі зерделенді ме? Айта кетерлігі, сол тұста НКВД - үкіметке бүкпесіз шындықты, ақиқатты баяндап отырған бірден бір орган болған еді. 1990 жылдары құрылған ұлттық комиссияның мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, академик, профессор, Қайдар Алдажұманов кезінде НКВД жертөлесіндегі архив құжаттарын зерттеген. Зұлматты жылдардың зардабы туралы толығырақ түсіну үшін белгілі ғалымды әңгімеге тарттық.

- Қайдар Сейсембайұлы, ХХ ғасырдың басында қазақ халқының басына төнген ұлы нәубеттің масштабын қалай бағалауға болады? Әр зерттеуші әртүрлі айтады...

- Жалпы бұл - кеңес мемлекеті өз халқына жүргізген қылмыстарының бірі, қазақтың ұлттық трагедиясы, тарихта болмаған зұлмат. Мен 1991 жылы құрылған комиссия мүшесі ретінде айтайын, біз тарихшылар, 1930 жылдардағы зұлматты қазақ халқына жасалған геноцид, этносқа қарсы жасалған этноцид деп бағалаған болатынбыз. Өйткені, халықтың жартысы қырылып қалды, Кеңес одағына босқын болып кетуі, қазақ тілінің өрісінің тарылуы, дәстүрлі шаруашылықтың жойылуы «этноцид» деп бағалауға итермелейді. Ешбір ұлттың басында болмаған 1930 жылдардағы жаппай ашаршылық, соңына ала 1937-1938  үлкен террор, қуғын сүргін, ату, асу қоса жүргізілді. Кеңес мемлекеті әбден орныққан соң азамат соғысында қарсы шыққан қарсыластарына амнистия жариялағаны белгілі. Осы уақыттарда бірқатар алаш қайраткерлері басқа жұмыстарға кетті, кейін басшылық қызметке дейін барды. Мысалы Ахмет Байтұрсынов Оқу ағарту  ісі бойынша дала комиссары болды. Алайда олар ОГПУ тарапынан  мықты бақылауға алынды. 1928 жылы науқан басталғанда сол баяғы астыртын саясат жүргізді деген айыптаумен біздің азаматтар түгел қамалады. Ахмет Байтұрсынов ату жазасына кесіледі. Кейін жаза 10 жылға алмастырылған. Ол кісі Томскіде, Архангельскіде 4-5 жыл отырып қайтып келеді. Келген соң 1937-де қайта қамалып, атылды. Міржақып Дулатовқа да 10 жыл берген. Бірақ ол 1935 жылы лагерьде қайтыс болды. Тірі қалғандар Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов Воронеж облысында жер аударылды. Сол жақта айдауда болып, қайтып келеді де, 1937-1938 жылдары қайта ұсталып, атылады.

- Сол кездегі сұрқия саясаттың экономикалық алғышарттары да болды емес пе?

- Сталиндік бесжылдықтар кезінде Кеңес Одағы территориясында ірі кәсіпорындар салынып жатты. Амурдегі, Комсомольскідегі қалалар, Норильскідегі метал комбинаттары сияқты ірі кәсіпорындар тұрғызылып жатты. Соларға ресурс керек болды. Ең қиыны салынып жатқан зауыттардың бәріне шетелден құрал алу керек болды. 1917 жылдан бастап Кеңес одағына көршілес мемлекеттер экономикалық-сауда блокадасын жасаған.  Яғни, Кеңес одағына кезінде көршілес экономикалық соғыс жариялаған. «Тек бидай ғана алыңдар, басқа ештеңе сатып алмаңдар» делінді. Бұл ұранды  Югославия, Румыния, Болгария, Италия, Ұлыбритания, Франция қолдады. Ал үлкен кәсіпорындарды салу үшін ресурс керек.

1930 жылы қыста КСРО сауда және жабдықтау министрі Анастас Микоян болған еді. Ол Ленин, Сталин, Хрущев, Брежнев кезінде де жоғарғы қызметте болған. Саяси ортада мынадай анекдот қалған еді. «От Ильича до Ильича, без инфаркта и паралича» деген. Сол Микоян Қазақстанға таусылмас мал қоры ретінде қараған. Қазақстан ол кезде үлкен астық жинайтын республика емес, негізінен мал шаруашылығымен айналысса да Микоян Қазақстанға жыл сайын 52-40 млн пұт астық тапсыруға мәжбүр етеді. 1932 жылы халық аштан қырылып жатқанда да 43 млн пұт астық тапсыртқан. Микоян осы үшін 1930 жылы қаңтарда Алматыға өзі  келіп, 1930 жылғы жоспардың 70 пайызын алғашқы тоқсанда қыс қақап тұрғанда  қаңтар, ақпан, наурызда орындатқан.

-Қазақстанда 1920 жылдардың басындағы қолдан ұйымдастырылған, кейіннен 1927-1929 жылдары «аша тұяқ қалмасын» атты ұранмен жүзеге асырылған ашаршылықтан шамамен қанша адам жапа шекті?

- 1929 жылдың қаңтарынан 1932 жылдың қаңтарына дейін  қазақ жерінде адам саны 2 млн 551 мың адам кеміген. 1 млн адам Қытай, Ауғанстан, Иран, Камчаткаға дейін босып кеткен. Бұл тұрғыда әлі ашаршылық туралы зерттеу жасау керек. Тарихшылар дұрыс зерттемейді. Көптеген зерттеушілер Мұстафа Шоқай деректеріне сүйеніп 1918 жылы 1 млн қазақ қырылды деп айтады. Ол кезде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл Алматы облыстары Түркістан автономиялық республикасының құрамына кірген. Сонда бұл дерек қате. Себебі, ол кезде өзбек, тәжік, қырғыз  бәрімен қосқанда 1 млн адам өлді делінген. Оны мен арнайы архивтен қарап шықтым. 1918 жылғы өз аудандары бойынша кеміген адам саны аса көп масштабта болмаған. Демографтар да жазушы журналистер де осы сандарға  абай болса деген тілек бар. Асырып айтуға болмайды. Цифр неғұрлым көп болғаны мәнді сияқты көрінеді. Олай емес. Бейбіт күнде 10 адам аштан өлсе де - үлкен трагедия. Аштықтан жалпы Қазақстанда 2 млн 551 мың адам өлсе, Оның 1 млн 750 мыңы қазақтар болатын. Қалғаны ҚарЛАГқа жер аударылып келген өзге ұлт өкілдері.  ОГПУ, НКВД органдары бүкпесіз баяндайтын құпия орган болған. НКВД деректерінде әр жүргізген санағында бұл деректер толық емес деп жазады. Яғни, опат болғандардың саны одан көп болуы мүмкін. Қазақстанда 1929 жылы 1 қаңтарда 47 млн 500 мың бас мал болса, 1934 жылдың басында 4,5-ақ млн бас мал қалған.

- Бұндай нәубеттің Қазақстанның демографиясына қаншалықты кері әсер еткенін тарихшы-ғалымдар қалай бағалайды? 

- Демографияға әсері әлі күнге сезіліп келеді. 5,5 млн халықтың 2,3 млн.-ы ғана қалды. Ашаршылық жылдарында Орталық Қазақстан Қарағанды облысының халқы ең көп қырылған. Ресми деректерде Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хатында Қарқаралы округінде 154 мың халықтан 15 мың адам қалғаны туралы хабарлағаны көрсетілген. Мұншалықты этноцидке бір ғана тұлға мұрындық болған жоқ. Былай алып қарасаң қанішер Сталин мен Голощекин екені рас. Бірақ ол мәселенің ішкі факторы ғана. Сталин мен Голощекин әр қазақтың қоймасына, қорасына барып тексерген жоқ. Олар бұйрық берді. Орындаған өзіміздің қазақтар. Жергілікті аудандық, облыстық, басқарған қазақтар болды.

- 1928 жылдары басталған репрессия, 1933-1937 жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргіннің құрбандар саны шамамен қанша? Репрессия жылдарында атылғандар туралы нақты адам саны (архив деректері) бар ма?

- 1920-1953 жылдар арасында 125 000 адам репрессияға ұшыраған. Оның 25 000-ы атылып кеткен. Атылғанда да ол кезде халықты жау бар екеніне сендіру үшін ашық сот процестерін жүргізген. Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы Абдолла Асылбеков аштық кезінде елге көмектескен жанашыр мемлекет қайраткері болған. Қарағандыдағы №20 шахта әлі күнге дейін бар. Сонда Асылбеков пен 7-8 аудан басшысына қатысты ашық сот процесі өткен. Сол кезде шахтаға 1 сағатқа жұмысшыларды кіргізіп «халық жаулары жойылсын» деп ұрандатып қойған. Аздан соң 1 сағатқа жастарды кіргізіп айқайлатып қояды. Сот 16-22 қараша арасында жалғасқан. Менің анықтағанымдай, «оларға мойындасаңдар, Сібірде жаңадан ашылатын совхоздарға директор боп барасыңдар» деп қалталарына путевка салған. Абдулла Асылбеков алданғанын соңғы сәтте ғана түсінеді.

Сонда мемлекет қайраткері соңғы сөзінде «Мен ешқашан жаулық жасаған емеспін. 1930 жылдары қазақ ауылдарында аштан өлгендерді көргенде, Кеңес Үкіметінің Қазақстанда жүргізген саясаты дұрыс емес деген ойға келдім, мен содан бастап Кеңес Үкіметінің жауымын» деген екен. Әлгі сөзінен соң Абдулла Асылбековты 1 айдай қинап барып атып өлтірген. Жалғыз бұл емес. Шымкентте 1937 жылы мал дәрігерлерінің тобына ашық сот ұйымдастырылады. Оларға малды әдейі ауыртып қырдыңдар деген айып тағылады. Кейін 1956 жылы Кеңес Одағы орталық партиясының ХХ сьезінде кезінде мыңдаған адамдардың ату жазасына қол қойған қандықол Хрущев  репрессия турлы мойындауға мәжбүр болды. 1956 жылы ХХ сьезд барысында 14-26 ақпанда соңғы мәжілісте Хрущев «Сталиннің жеке басына табыну және оның зардаптары» деген баяндама жасады. Содан бастап Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндердің есімі ақталды. Сол кездегі тәртіп бойынша мынадай себеппен атылды деген себебі көрсетілген жоқ. Бұл кісі Сталиннің жеке басқа табыну құрбаны болды деген, бітті.

- Тәуелсіздік алған соң осы кезең қалай зерттелді? Сіз сол кездегі комиссия мүшесі ретінде не айтар едіңіз?

1990 жылы 11 қарашада үкімет комиссиясы құрылған болатын. Олардың не үшін сотталғаны сонда ғана ашық айтыла бастады. 1930 жылдардағы жаппай ашаршылық, қуғын сүргін себептерін анықтау үшін, оған қандай заң актілері негіз болған деген сұрақ туды.

Комиссия мүшелігіне Манаш Қозыбаев, ҚР ҰҚК төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы, ҚР ІІМ, прокуроры, олардың қолындағы құпия жатқан құжаттарды комиссия мүшелеріне көрсету керек деген пікір айттық. ҰҚК, бұрынғы НКВД архивінде 6,5 ай отырдым. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары Сәкен Сейфуллин,  Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов сияқты азаматтарға қатысты деректерді, ашаршылыққа байланысты құжаттарды қарадым.  Кейін нәтижелері 5 томдық Қазақстан Тарихы 4-томына енді. «Насильственная коллективизация и голод в Казахстане»  деген жинақ шығардым.
null 

Сол жылдардағы ҚР ҰҚК басқарған генерал полковник Сәт  Тоқпақбаевтың қолдауымен Алматы жанындағы «Жаңалық» деген ауылда үлкен зират табылды. Зерттеу тобы Талғар қаласында тұратын, бұрын НКВД көлік жүргізушісі болып істеген адамды тауып алды. Соның айтуымен және Жаңалықтағы қарттардың куәгерліктерімен Жаңалықта табылған адам сүйектері НКВД жертөлесінде атылған азаматтар екені анықталды.

- Өзіңіз айтқандай, осы аса ауыр нәубет шетелдік тарихшылар тарапынан қалай бағаланып отыр?

- Бұл тақырыпты Марта Бриль Олкот, ағылшын Стивен Уинкроф, Изабель Огайон, итальяндық Никколо Пинчеоло, неміс тарихшысы Роберт Киндлер зерттеді. Бірақ олардың барлығы евроцентристік көзқараста. Бұлар қазақ тілінде айтылған, жарыққа шыққан құжаттарды  білмейді. Тек қана орыс тілінде шығатын деректерді зерттейді. Идеологиялық сипат әлі де бар. Стивен Уинкроф деген қаза болғандардың санын кемітіп айтады. Біз шетел ғалымы деп табынатын дәрежеден асып кеткенбіз. Олардың  кез-келгеніне көзқарасын қате екенін айта аламыз.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар