Қай санаттағы отбасылардың балалары жазғы демалыспен қамтылатыны белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова балаларды жазғы демалыспен қамту шараларын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жазғы демалыс шараларымен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының 80 пайызы, айрықша білімге мұқтаж балалардың 82 пайызы, әртүрлі салада жетістікке жеткен, оқушылар мен девиантты тәрбиедегі балалардың 90 пайызы қамтылады деп жоспарланып отыр. Алайда жергілікті атқарушы органдардың берген мәліметтеріне сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан облысында жазғы лагерьлер саны мен оқушылардың демалыспен қамтылу жоспары біршама төмен болатын. Осы отырысқа дайындық барысында әкімдіктер осы мәселені қайта қарап, қосымша қаржы бөлу туралы шешім қабылдап отыр», - дейді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, 961 мың бала құрылыс отрядтарына, орман және көгалдандыру жұмыстарына тартылады.

«Мәдени-танымдық іс-шараларды да ұйымдастыру көзделіп отыр. Осы тұрғыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген бағыттар негізінде тарихи және мәдени бағыттағы жұмыстар жүргізіледі. Балалардың туған жерге сүйіспеншілігін оятатын «Киелі Қазақстан» жобасына сай тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылады. Миллионға тарта бала «Қазақстан - мейірімділік мекені», «Табиғатты аялайық», «Жол қозғалысындағы инспектор» секілді шараларға қатысады. «Ауылым - алтын бесігім» бағдарламасы аясында әлеуметтік жобаларға жұмылдырылады», - дейді Күләш Шәмшидинова.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Асқар Мамин Білім және ғылым министрлігіне балалардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін тиісті жол картасын әзірлеуді жүктеген болатын.

Соңғы жаңалықтар