Қай санаттағы азаматтар карантинге оқшаулануы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова COVID-19 инфекциясын таратпау мақсатында «ҚР халқын қауіпсіздікпен қамтамасыз ету шаралары туралы» жаңа қаулы шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инфекцияның таралу сипатын ескере келе, шетелден келген азаматтарды бақылауды жалғастырамыз. Бүгіннен бастап, шет елдерден келген барлық тұрғындар лабораториялық зерттеу жүргізу үшін 3 тәулікке дейін карантинге алынады. Инфекция расталған азаматтар стационарға жатқызылады. Теріс нәтиже шыққандар - 11 күнге үй карантиніне оқшауланады», - деді бас санитарлық дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Бұл норма әуе компанияларының пилоттарына және локомотив бригадаларының мүшелеріне, теміржол көлігімен тасымалдау қызметімен айналысатындарға және автокөлікпен халықаралық жүк тасымалдайтындарға қолданылмайды. Олар тұрақты мекенжайы бойынша телефон арқылы медициналық бақылауда болады.

«ЕАЭО және Өзбекстан Республикасынан теміржол және автокөлікпен келген азаматтар 14 күн үй карантинінде болуы тиіс. Сыртқы істер министрлігімен келісе отырып, Қазақстанға келген дипломаттар мен олардың отбасы мүшелерін міндетті тестілеуден өткізу нормасы қарастырылуда», - деді А. Есмағамбетова.

Бұған дейін А. Есмағамбетова коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеу алгоритмін түсіндірген еді.


Соңғы жаңалықтар