Қай өңірлерде және қай органдарда бюджет қаражаты толық игерілмеген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,2, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,8% атқарылды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары. Республикалық бюджет бойынша сомасы 5,9 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 49 млрд теңгені құрады, оның ішінде 11 млрд теңге үнемделген. Ал 38 млрд теңге игерілмеген», - деді Қаржы министрі бүгінгі Үкімет отырысында.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер, Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде байқалған.

«Игерілмеудің негізгі себептері: төлем құжаттарын ұзақ келісу, конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі, орындалған жұмыстар актілерінің, шот-фактуралардың уақытылы ұсынылмауы, шарттарды ұзақ мақұлдау, есепті айда қаражаттың шығындалуына қажеттіліктің болмауы», - деп түсіндірді Е. Жамаубаев.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 2,8 трлн теңгені құрады және 34 млрд теңге атқарылмаған.

«Биыл өңірлерге 1,9 трлн теңге нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 маусымға 646 млрд теңге бөлінген. Оның 97,5%-і игерілген. 16 млрд теңге атқарылмаған, оның ішінде 2 млрд теңге – үнемдеу, 14 млрд теңге игерілмеді. Ең көп игерілмеу: Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында қалыптасты», - деді Қаржы министрі.


Соңғы жаңалықтар