Қай министрліктер мен әкімдіктер бюджет қаражатын уақтылы игере алмай жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын уақтылы игере алмай жатқан министрліктер мен әкімдіктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бюджет шығыстары - 97,9%, республикалық - 98,9%, жергілікті бюджеттер - 97,2% атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары есепті кезеңде 5 трлн 620 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражаты 61 млрд теңгеге атқарылмады. Оның 15 млрд теңгесі үнемдеу болды. Игерілмеген сома - 46 млрд теңге. Бюджет қаражатын уақтылы игере алмай жатқан мемлекеттік органдар: Ұлттық экономика министрлігі – 7,3 млрд теңге, Ішкі істер министрлігі – 6,4 млрд теңге, Денсаулық сақтау министрлігі – 4,8 млрд теңге, Жоғарғы Сот – 4,5 млрд теңге, Қорғаныс министрлігі – 4,2 млрд теңге», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында.

Министр қаржының игерілмеуінің негізгі себептері - конкурстық рәсімдерді ұзақ және уақтылы өткізбеу, нақты көрсетілген қызметтер, атқарылған жұмыс көлеміне төлеу, шарттарды жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, төлем бойынша құжаттарды ұзақмерзімді келісу екенін атап өтті.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 2 трлн 606 млрд теңгені құрады. 75 млрд теңге орындалмады. Өңірлерге 2 трлн 317 млрд теңге нысаналы трансферт қарастырылған. Алдын ала деректер бойынша, оған 671 млрд теңге бөлінді. Оның 96% немесе 643 млрд теңгесі игерілді. Орындалмаған сома - 28 млрд теңге. Оның 8 млрд теңгесі - бюджет қаражатын үнемдеу болса, ал 20 млрд теңге - игерілмеді», - деді ол.

Бұл ретте ең көп игерілмеген қаражат мына өңірлерде қалыптасқан: Алматы қаласы – 3,4 млрд теңге, Батыс Қазақстан – 2,7 млрд теңге, Павлодар – 2,6 млрд теңге, Қызылорда – 2,4 млрд теңге, Қарағанды – 2 млрд теңге, Маңғыстау – 1,6 млрд теңге, Ақмола және Түркістан облыстарында – 0,9 млрд теңгеден, Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы облысында – 0,8 млрд теңге.


Соңғы жаңалықтар