Қай министрліктер мен әкімдіктер бюджет қаражатын игере алмай отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы 4 айда бірнеше министрлік пен әкімдік бөлінген бюджет қаражатын игере алмады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бюджет шығыстары - 98,6, республикалық бюджет шығыстары – 99, жергілікті бюджет шығыстары 98,6 пайызға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 7 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмаған сома - 72 млрд теңге, оның ішінде 16 млрд теңге - үнемделгені. Игерілмегені - 55 млрд теңге», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, игерілмеген неғұрлым ірі сома Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде қалыптасты.

«Игерілмеудің негізгі себептері: шарт жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, нақты көрсетілген қызмет көлеміне төлем жүргізу, мемлекеттік сатып алу конкурстарының ұзақ өткізілуі, орындалған жұмыс актілері мен шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы және басқалары», - деді министр.

Сондай-ақ биыл 4 айда төрт өңір 14 млрд теңге нысаналы трансфертті игере алмады.

«Жергілікті бюджет шығыстары 3,3 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 47 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферт көзделген. Оларға 1 мамырға 473 млрд теңге бөлінген», - деді Қаржы министрі.

Ерұлан Жамаубаевтың атап өтуінше, аталған қаржының 97 пайызы игерілген.

«Игерілмегені – 14 млрд теңге. Ең көп игерілмеген сома Астана және Алматы қалаларында, Атырау және Түркістан облыстарында қалыптасты», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар