Қай министрліктер мемқызметшілерге артық жұмыс істетіп отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі артық жұмыс жасау фактілеріне қатысты кезекті тексерістің нәтижесін жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Мадина Наурызбектің айтуынша, мемлекеттік органдарда артық жұмыс жасау фактілері қызметкерлердің жұмыс сапасы мен олардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты арнайы жүйе енгізілді. Соның негізінде артық жұмыс істейтін мемқызметкерлерді анықтауға мүмкіндік бар.

«Биыл қаңтар айында мемлекеттік органдарда үстеме жұмыс фактілері бойынша «СКУД» жүйесінің деректеріне кезекті талдау жүргізілді. Өткен жылдың қыркүйек және желтоқсан айларымен салыстырғанда оң серпін байқалады. 2018 жылдың қыркүйегінде 12 739 сағат болса, желтоқсанда меморгандарда артық жұмыс 4 790 сағатқа дейін азайды. Ал қаңтар айында аталған көрсеткіш 1 194 сағатқа дейін қысқарды», - деді М.Наурызбек Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, бірқатар мемлекеттік органдарда артық жұмыс жасау фактілері мүлдем жойылды деуге болады. Соның ішінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бар.

«Қалған мемлекеттік органдарда үстеме жұмыс фактілерінің айтарлықтай азайғаны байқалады. Аймақтарда да солай. Сонымен қатар, жекелеген министрліктерде әлі де үстеме жұмыс фактілері бар. Мысалы, ҚР Сыртқы істер министрлігінде қаңтар айында 369 сағат үстеме жұмыс анықталды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде 151 сағат анықталды. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдарға тиісті шараларды қабылдауға қатысты ұсыныстар берілді», - деп атап көрсетті М.Наурызбек.

Соңғы жаңалықтар