Қай министрліктер бюджет қаражатын игермеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың 8 айында мемлекеттік бюджет түсімі 102,8 пайыз орындалды. Дегенмен, игерілмей қалып қойған сома да аз емес - 74 млрд теңге. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның дерегінше, осы жылдың 8 айында мемлекеттік бюджет түсімі 102,8 пайыз орындалды немесе бюджетке 8 трлн 407 млрд теңге қаражат жиналды. Оның өсу қарқыны 116,8 пайызды құрады. Мемлекеттік бюджеттің шығындары есепті кезеңде 8 трлн 910 млрд теңгеге атқарылды. Аталған қаражаттың жартысынан астамы немесе 4 трлн 856 млрд теңгесі әлеуметтік салаға жіберілді. Бюджет тапшылығы - 503 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге шаққанда 0,7 пайыз деңгейінде қалыптасты.

«Кіріс бойынша есепті кезеңнің жоспары бюджеттердің барлық деңгейлерінде артығымен орындалды. Мемлекеттік бюджет кірісі өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 114,6 пайыз өсті. Республикалық бюджетке 4 трлн 363 млрд теңге кіріс түсті. 2018 жылдың 8 айымен салыстырғанда кіріс 118,1 пайыз өсті немесе 669 млрд теңгеге көп. Ол негізінен салық есебінен қалыптасты. Салықтың өсуіне салықтық-кедендік әкімшілендірудің жақсаруы және экономиканың өсуі себеп болды»,- деді ол.
Министрдің айтуынша, жергілікті бюджеттердің өз кірісі 1 трлн 659 млрд теңгеге атқарылды. Жоспардан тыс 134 млрд теңге түсті.
«Мемлекеттік бюджеттің шығындары - 98,3, республикалық бюджет – 98,9 және жергілікті 98 пайызға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығындары 7 трлн 725 млрд теңгені құрады. 89 млрд теңге атқарылмады. Оның ішінде бюджет қаражатының үнемделуі – 15 млрд теңге. Игерілмеген сома – 74 млрд теңге. Ең көп игерілмеген сома мына мекемелерде қалыптасты: Ішкі істер министрлігі – 11 млрд теңге; Қорғаныс министрлігі – 10,3 млрд теңге; Экология, геология және табиғи ресурстар – 10 млрд теңге; Мәдениет және спорт министрлігі – 6,7 млрд теңге», - деді Ә.Смайылов


Соңғы жаңалықтар