Қай елдердің азаматы Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналыса алады
2022 жылғы 19 мамыр 15:22

Қай елдердің азаматы Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналыса алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения елдерінің азаматтары елімізде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыра алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне қарағанда, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою хабарлама жіберу тәртібіне ауыстырылған. Яғни, жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелу үшін мемлекеттік кіріс органына дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарлама ұсынады.

«Қызметтің басталғаны туралы хабарламаны egov.kz порталы, «e-Salyq business» мобильді қосымшасы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жіберуге болады. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарының Қызмет көрсету орталықтарында қағаз түрінде хабарлама беруге болады. Тіркеу хабарлама берілген сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Дара кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы ақпаратты www.kgd.gov.kz порталында «Салық төлеушіні іздеу» батырмасы арқылы электронды сервистерден алуға болады», - деп жазды ведомстводан.

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес жеке кәсіпкер ретінде қызметті Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, яғни Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар Қазақстан азаматтары, қандастар, сондай-ақ РФ, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения елдерінің бейрезиденттері жүзеге асыра алады.

Айта кетейік, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап бейрезидент-жеке тұлғаларды, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу, оның ішінде ЖСН қалыптастыру, тіркеу деректеріне өзгерістер немесе толықтырулар енгізу, сондай-ақ жеке тұлғалардың ЖСН нөмірін алып тастау функциясы Мемлекеттік кірістер комитетінің құзыретінен Ішкі істер министрлігіне берілді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT