Қауіпті жүргізуші: Түркістан облысында 3 мыңға тарта көлік айыптұраққа қойылды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында «Қорғау: қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылған болатын. Бүгінде жоба нәтижесін беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, адам өлімімен аяқталатын оқыс жайттарды болдырмау, жалпы жол қозғалысы ережесін бұзушыларды дер кезінде анықтау.

Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері бағдарлама көмегімен ҚР ӘҚБтК 612-бабының 2 және 3-бөлігі «Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бойынша 341 көлік жүргізушісін анықтады. Ал, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі «Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бойынша 28 жол ережесін бұзу дерегін тіркеді. Айыптұраққа 2 954 автокөлік қойылды. Мәселен тәртіп сақшылары «Қорғау» бағдарламасымен 13 миллион теңге берешегі бар Түркістан қаласы тұрғынының автокөлігін ұстады. Жедел қызмет еткен полицейлер республикалық маңызы бар трассалардың бірінен берешегі бар «Тойота» маркалы автокөлікті анықтады.

Айта кетсек, бұл бағдарламада «Сергек» камералары, Жедел басқару орталығы мен полиция қызметкерлерінің планшеттеріндегі мобильді қосымша біріктірілген. Осы арқылы тәртіп сақшысының планшетіне дабыл түсіп, дер кезінде құқық бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері аталмыш мобильді қосымша көмегімен тексеруден өтпеген, айыппұлы төленбеген жақын маңдағы көліктерді және жол қозғалысы ережесін бұзудың басқа да жайттарын анықтай алады. Полицейлер жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер зор қауіп төндіретінін ескертеді.


Соңғы жаңалықтар