Қауіпті жұмыстарды атқаратын орман күзеті қызметкерлеріне қосымша ақы төленбек

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қауіпті жұмыстарды орындайтын Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне қосымша ақы төленуі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Мемлекеттік орман күзеті қызметтерінің, табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларының және жануарлар дүниесін, ормандарды қорғау, өсімін молайту және орман пайдалану жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың қызметкерлеріне денсаулыққа және өмірге зиян келтіру қаупімен байланысты жұмысы үшін лауазымды айлықтың 100% мөлшерінде қосымша ақы төленеді», - делінген қаулыда.

Құжатқа қосымша берілген түсіндермеге сай, мұндай бастама материалдық тұрғыдан әлсіз қамтамасыз етілген сала мамандарының мәселесін шешуге бағытталғаны жазылған.

«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің қаулысымен қызметкерлердің көрсетілген санаттары үшін 2025 жылға дейінгі лауазымдық айлықақылардың белгіленген мөлшеріне екі есе ұлғаю мөлшерінде түзету коэффициенттері белгіленген. Өз кезегінде, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарындағы соңғы ауқымды орман өрттері орман шаруашылығы мамандарының, әсіресе ауылдық жерлерде тапшылығы, сондай-ақ қызметтерді материалдық қамтамасыз етудің әлсіздігі проблемаларын ашты. Осыған байланысты, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың 2022 жылғы 8 қыркүйектегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне жалақыны ұлғайту ұсынылады», - деп түсіндірме берілген құжатқа.

Қаулы 30 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар