Қауіпті тауарларды елге кіргізген станса басшысы парамен ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Алтынкөл» теміржол стансасының бастығын ұстады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктің ресми өкілі Жанна Бастарованың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облыстық департаменті жедел-іздестіру шаралары барысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ «Алтынкөл» теміржол стансасы бастығының парақорлық фактісін анықтады.

«Ол халық тұтынатын тауарлар тиелген вагондарды кедергісіз кіргізу үшін сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларынан 17,8 мың АҚШ доллары көлемінде жүйелі түрде пара алғаны үшін күдікке ілініп отыр. Аталған тауарлардың радиациялық көрсеткіші нормадан жоғары болған. Ағымдағы жылы 20 ақпанда күдікті ұсталып, Талдықорған қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына тоғытылды. Тергеу жалғасуда», - деді Ж.Бастарова Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.



Айта кетейік, бүгінгі брифингте агенттік өкілдері бірнеше видеоны жариялады. Мәселен, Алматы облысы Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары өз кабинетінде парамен ұсталды. Ал Ақтөбе қаласында үш полицей бір азаматтың ұлын қылмыстық жауапкершілікке тартпағаны үшін 300 мың теңге сомасында пара алған. Олар заңсыз ақша алу үстінде қолға түсті.

Соңғы жаңалықтар