Қауіпті өнімдер қатарында шетелдік тауарлар көп - Жандарбек Бекшин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті 22,5 тонна қауіпті өнімді сатылымнан алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қазақстанның бас санитар дәрігері, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«2018 жылы республика бойынша санитарлық-эпидемиологиялық тексеруге жататын 69 мыңнан астам азық-түлік және тауар сынамалары тексерілді. Оның 9740-ы таңбалауына, жазылған сипаттамаларына және қауіпсіздік талаптарына сай келген жоқ. Барлық құқықбұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты кемшіліктерді реттеу туралы 2232 нұсқаулық берілді», - деді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, ережеге сай келмеген өнімдердің 66,1% - сырттан келген импорттық өнімдер, ал отандық өнімдердің мұндағы үлесі - 33,9%.

«Елімізде техникалық талаптарға сай келмейтін өнімдердің басым бөлігі Ресей Федерациясында (52%), Қазақстанда (23%), Қырғызстанда (4%), Беларусь (3%), Украина (2,5%), Қытай, Түркия және өзге де (Латвия, АҚШ, Молдова, Грузия, Франция, Өзбекстан - 1%) елдерде өндірілгені анықталды. Пәкістанда шығарылған 6 түрлі шайдың елге жеткізілуіне тыйым салынды. Себебі, олардың құрамынан тыйым салынған синтетикалық бояулар табылды», - деді бас санитар.

Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде талаптарға сай келмейтін өнімдерді анықтау фактісімен 703 әкімшілік іс қозғалып, 62 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

«Жалпы құны 24,5 млн теңге болатын 22,5 тонна қауіпті өнім сатылымнан алынды. Оның ішінде 5 тонна май-тоңмай өнімдері, 2,96 тонна құс еті, 3 тонна сүт өнімдері, 845 келі ұн өнімдері, 229 келі шұжық және 712 келі балық өнімдері жойылды. Сондай-ақ, 2018 жылы республика бойынша 2241 ойыншық сынамасына зерттеу жүргізілді. Оның 1183-і немесе 52,7% техникалық талаптарға сай келмеді. 234,5 келі ойыншық нарықтан алынып тасталды», - деді Жандарбек Бекшин.

Соңғы жаңалықтар