Қауіпті қалдықты өңдейтін компаниялар арнайы лицензиямен ғана жұмыс істей алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ірі зауыттардың қалдық шығаратын бөліктеріне арнайы сенсор құрылғы орнатылып, ол онлайн режімде құзырлы мекемелерге ауаға шығарылған қалдықтың мөлшері туралы ақпаратты жолдап отырады. Жаңа экологиялық кодекс көздеп отырған осы және өзге де жаңашылдықтар туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші санаттағы кәсіпорындардың қалдық шығаратын көздеріне арнайы сенсор орнату міндеттеледі. Датчик онлайн режімде құзырлы органдарға ауаға шығарылатын қалдықтар туралы ақпаратты уақтылы беріп тұрады. Яғни, біз онлайн режімде қандай кәсіпорынның қандай көлемде рұқсат етілген қалдық мөлшерін шығарғанын біліп отырамыз. Сонымен қатар, сол кәсіпорынға қатысты әкімшілік жауапкершілік уақтылы қарастырылатын болады», - деді деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ахметжан Пірімқұлов.

Сондай-ақ, жаңа экологиялық кодекс тұрмыстық қатты қалдықтар, өнеркәсіптік қалдықтар мәселесін де реттеуді көздейді.

«Біз қалдықтардың еуропалық классификаторына көшеміз. Бұл бізге қалдықтардың қауіптісін қауіпсізінен ажыратуға жол ашады. Утилизацияға қойылатын талаптар күшейтіледі. Соңғы уақытта медициналық қалдықтар туралы резонансты жаңалықтар көбейіп кетті. БАҚ-та ол туралы бірқатар мақала жарияланған. Қоқыс таситын компанияларға ескерту тәртібінде жұмыс басталады. Қазіргі уақытта өкінішке қарай, бұл нарық бізде реттеліп отырған жоқ. Қауіпті заттарды өңдеп, жоятын кәсіпорындарға біз лицензиялау жүйесін енгізу маңызды деген пікірдеміз. Яғни, осылайша, қалдықтарды жоятын компаниялардың жұмыс нарығын реттегіміз келеді», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ахметжан Пірімқұлов желтоқсан айында Парламентке енгізілетін жаңа экологиялық кодекс жобасы қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді көздейтінін хабарлаған еді.

Соңғы жаңалықтар