Қауіпті дерт қайта өршіді: Өскемен тұрғындары карантиндік шектеулерге қалай қарайды
2022 жылғы 30 қаңтар 12:08

Қауіпті дерт қайта өршіді: Өскемен тұрғындары карантиндік шектеулерге қалай қарайды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қазір Қазақстанда коронавирус қайта өршіп тұр. Соған орай шектеу шаралары күшейтіле түсті. Жұқпалы дерт Өскемен жұртшылығын да әбігерге салуда. Халық арасында карантин талаптарын сақтау қажеттігі жайлы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Маска тақпағандар сауда үйлеріне, дүкендерге кіре алмайды. «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерге демалыс күндері тек «жасыл» статусы бар адамдар ғана келе алады. Ал бұған тұрғындар қалай қарайды? Міне, осыны білу үшін көшеде келе жатқан өскемендіктермен сөйлесіп көрдік.

Алдымыздан жолығып, сауалдарымызға жауап берген алғашқы адам – Нұрия Близнюк болды.


«Бұл індетке басында күмәнмен қарағаным рас. Бірақ өзіміз ауырып қалғанда сенбеске амалым қамалды. Вирусты өте ауыр өткердім. Өкпемнің 75 пайызы қабынды. Ауруханада 21 күн жатып, емделдім. Дәрігерлер жақсы қарады. Солардың арқасында жазылып шығып, отбасыма оралдым. Сондықтан осындай карантиндік шектеулерді толықтай қолдаймын. Бірақ автобустарда маска тақпайтындар көп. Бұл – дұрыс емес. Өзіміздің денсаулығымыз үшін сақтанып жүрейік! Сақтанғанды Құдай сақтайды», - деді ол.

Замира Сүлейменованың айтуынша, шектеу шараларын қатаң сақтаудың арқасында ғана қалыпты өмірге тез ораламыз.

«Коронавирустың өте жылдам тарайтынын бәріміз көріп отырмыз. Оның мутацияланған жаңа штамдары да шығып жатыр. Қазір бүкіл әлем халқын әбігерге салып отырған – «омикрон» штамы. Вирусты жеңудің жолы – қатаң тәртіп», - деді студент.

Зейнеткер Аманжол Жақаев өз сөзінде қоғамдық орындарда үнемі маска тағып жүретінін жеткізді.


«Теледидардан жаңалықтарды үнемі көріп отырамыз. Ондағы айтылып жатқанның бәрі шындық. Сол үшін карантин талаптарын бір кісідей сақтағанымыз жөн. Бәрі халықтың өзіне байланысты. Вакцина алған әсте дұрыс. Өзім қытайлық Vero Сell екпесінің екі компонентін салдырдым. Ешқандай жанама әсерлер болған жоқ. Вакцина алсам да үнемі маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап жүремін», - деді Өскемен тұрғыны.

Мира Мамырханова бір емес екі маска тағып жүретінін жеткізді.

«№44 мектепте орыс тілі пәнінен сабақ беремін. Білім ордасында карантиндік шектеулер қатаң сақталады. Өзім автобуста, көшеде үнемі екі маска тағып жүремін. Халыққа айтарым, шектеулерді бұзбай, бір жерге кіріп-шыққанда антисептикпен қолдарыңызды сүртіп, иммунитетті күшейту үшін дәрумендер ішіңіздер. Дұрыс тамақтанып, аурудың симптомдары байқалса жұмысқа бармай, дәрігерге қаралыңыздар», - деді педагог.

«Өзім, әйелім мен екі балам түгел ауырып шықтық. Бұл вирус адамды қатты әлсіретіп, күш-қуаттан айырады екен. Сондықтан әркез сақтанып жүрген дұрыс. Жұқпалы дерттен қорған болатын ол – вакцина. Өзім ресейлік «Спутник V» екпесін салдырдым», - деді Данияр Нұрбаев.

Оның айтуынша, қазір коронавирус жұқтырып жатқан таныстары өте көп. Вирустың қайта өршуіне байланысты карантиндік шектеулердің енгізілуі құба-құп.

«Пандемия басталғалы бері бауырдың амандығын, денсаулықтың қадірін енді түсініп жатқандаймыз. Қала тұрғыны ретінде енгізіліп жатқан шектеу шараларына шағымданбай, барынша сақтанып, дерттің дендеуіне жол бермейікші дегім келеді. Ауруханадағы науқастар тезірек сауығып шықсын деп тілеймін», - деді Ақтолқын Жансапова.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT