Қауіпсіздік сертификатын біз жасаған жоқпыз – байланыс операторлары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қауіпсіздік сертификаттары үшін бір топ заңгерлер «Beeline», «Tele2»/«ALtel», «Kcell» операторларына қатысты сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заңгерлердің айтуынша, «сертификат Интернетке кіретін әрбір құрылғыға орнатылуы тиіс». Олар қауіпсіздік сертификатын орнатудан кейін азаматтардың жеке деректеріне қатысты құқығы бұзылады деп алаңдайды. Ал сот процесі қоғамның назарын осы мәселеге аударуға көмектеседі.

Өз кезегінде ұялы байланыс операторлары сотқа шағым жөнінде пікір білдірді.

«Менің жеке пікірімше, заңгерлер сертификатты жоюды мақсат етіп отырған жоқ. Олар кезекті хайпты пайдаланып, өздеріне назар аудартқысы келеді. Егер олар шын мәнінде сертификат мәселесін шешкісі келсе, ұялы байланыс операторларына қарсы шағымданбас еді. Операторлар заңға сәйкес жұмыс істейді, ҚР заңына сәйкес, өз абоненттеріне қауіпсіздік сертификатын орнату қажеттігі туралы хабарлайды», - деді «Altel» және «Tele2» компанияларының PR-директоры Олжас Бибанов.

Компания өкілі ретінде Олжас Бибанов ұялы байланыс операторлары үшін заңгерлер шағымының еш қауіп төндірмейтінін жеткізді.

«Біз ешқандай заңдық қауіп-қатер көріп отырған жоқпыз. Себебі, барлығы заң жүзінде жазылып қойған. Абырой-бедел тұрғысында оператордың теріс имиджі қалыптасады. Дегенмен, кез келген адам қауіпсіздік сертификатын байланыс операторлары ойлап таппағанын түсінеді», - деді ол.

Оның айтуынша, заңгерлер Қазақстанның бірнеше қаласындағы жекелеген операторлардың үстінен шағым түсірген. «Tele2»/«Altel» әлі шағым алған жоқ.

Сонымен бірге, аталған оқиғаға «Beeline Қазақстан» компаниясы пікір білдірді.

«Beeline Қазақстан»қауіпсіздік сертификатын жасап шығарған жоқ және Интернет ресурстарына еш шектеу қоймайды. ҚР «Байланыс туралы» заңына сәйкес, байланыс операторлары қауіпсіздік сертификатын өз абоненттері арасында таратуды қамтамасыз етеді», - деп жауап берді Beeline компаниясының баспасөз қызметі.

Яғни, компания қауіпсіздік сертификатын орнатуды талап ету емес, абоненттерге ақпарат таратумен айналысып жатқанын жеткізді.

«Сот өндірісіне қатысты барлық сұрақтарға заңгерлеріміз сотта жауап беруге әзір. «Beeline» өз қызметін ҚР заңнамасына сай жүргізіп келеді. Біз азаматтардың туындаған мәселені заңдық жолмен, оның ішінде сот арқылы шешуге тырысқанын қолдаймыз», - дейді компания.


Соңғы жаңалықтар