Қауіпсіздік сертификаты құқыққа қайшы контентке қалай тосқауыл болмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен аптада ұялы байланыс операторларынан абоненттерге қауіпсіздік сертификатын орнату қажеттігі туралы тараған SMS-терден кейін, бұл тақырып қоғамда қызу талқыға ұласты.

Атап айтқанда, сертификатқа қатысты тұрғындар, мамандар түрлі пікірлерін айтып үлгерді. Осы орайда бұл салаға жауапты министрлік өкілдері де түсініктеме беруге тырысып жатты.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов бұл қанатқақты жоба Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асырылып жатқанын нақтылады.

«Бұл сертификат азаматтардың телефондарындағы жеке мәліметтерді сақтауға мүмкіндік береді. Өздеріңіз білесіздер, интернеттің дамуымен қатар, киберк құқық бұзушылықтар да жаңа деңгейге шығып отыр. Осы орайда, жеке компьютерден, телефоннан жеке деректерді ұрлау жағдайлары орын алады», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, заңнама аясында сертификат бойынша норма 2015 жылы қабылданды. Онда интернетке шығу мүмкіндігін беретін провайдерлер құрылғы иелеріне қауіпсіздіктің техникалық сертификатын орнату жағдайын ұсынуы тиіс.

«Бүгінде олар бұл норманы іске асырып жатыр. Қанатқақты жоба аясында олар бұл жұмыстар елордада қалай жүргізіліп жатқанын зерделеуде. Оны әр адам өз еркі бойынша орнатады. Мәселен, маған бұл сертификат бойынша SMS келмеді. Ал келген бойда оны өзіме және балаларымның құрылғыларына орнатамын. Қауіпсіздік сертификаты арқылы балалар қауіпті ресурстарға өте алмайды, сәйкесінше, жеке мәліметтерді қорғауға мүмкіндік жасалады», - деп түсіндірді А. Оспанов.

Жалпы, бұл SMS-тер Нұр-Сұлтан қаласындағы ұялы байланыс абоненттеріне келе бастаған болатын. Сәйкесінше, аталмыш сертификатты Kcell, Activ, Tele2, ALTEL, Beeline ұялы байланысын қолданушылары да орнату қажет.

Бұл аптаның басында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ұялы байланыс операторларынан абоненттерге қауіпсіздік сертификатын орнату хабарламасына қатысты пікір білдірді.

«Балаларға интернетте экстремистік, лаңкестік сипаттағы және басқа да теріс мәндегі материалдарды көру пайдалы ма?! Қауіпсіздік сертификаты осы мәселелерді шешетін болады. Аталған сертификатты орнатуды әр адам ерікті негізде жүргізеді. Егер де жақындарыңызға, балаларға алаңдасаңыз, қауіпсіздік сертификатын орнатасыз, ал егер қажет емес деп санасаңыз, онда орнатпауға еріктісіз. Сертификаттың тағы бір пайдалы жағы – ол ақпараттық қауіпсіздікке қатысты проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Өйткені сайттардың жұмысына кедергі келтіретін әрекеттер болып жатады», - деді министр.

Сонымен қатар ол Қазақстан халқының жеке мәліметтерін қорғау заңнамамен кепілдік берілгенін атап өтті.

Арада бірнеше күн өткеннен кейін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Асқар Жұмағалиев смартфонына қауіпсіздік сертификатын орнатқанын көрсетті. Осы орайда ол тиісті SMS келгеннен кейін, ешбір қиындықсыз сертификатты орнатқанын тілге тиек етті.

«Бүгінде интернетте құқыққа қайшы контент көптеп кездеседі, сондай-ақ кибер қатерлер де бар. Осы орайда тиісті қорғанысты қамтамасыз ету үшін аталған қауіпсіздік сертификаты іске қосылады» - деді ведомство басшысы.

Оның атап өтуінше, мемлекеттік қызметшілер осы сертификатты бір жарым жылдан бері пайдаланып келеді. Тек соңғы айда аталған сертификат 8 миллионнан астам вирустық белсенділіктің фактілерін анықтауға, меморгандар мен мемлекеттік қызметшілер жұмысына қарсы бағытталған 130 мың кибер шабуылдан қорғауға мүмкіндік берді.

Мұнымен қоса, А. Жұмағалиев қауіпсіздік сертификатын орнатпаған адамдарда интернетке қолжетімділіктің нашарлағаны туралы сұрақтарға түсінік берді.

«Байланыс сапасына тоқталсақ, қауіпсіздік сертификатына байланысты жабдықтарды ретке келтіру бойынша жұмыстар басталысымен, желіге қолжетімділік бойынша қандай да бір проблемалар болуы мүмкін деген тиісті ақпарат жарияланды. Алайда бұл мәселе уақытша сипатқа ие. Қазіргі кезде бұл сертификатты орнаттым және менде байланыспен проблема жоқ», - деді ведомство басшысы.

Осы орайда министр қандай да бір сауалдар туындаса, онда Мемлекеттік техникалық қызметке хабарласу керектігін түсіндірді.

«Тиісті сауалдар болса, аталған қызметке хабарласу керек, сәйкесінше барлық мәселелер шешімін табады деген ойдамын. Тиісті проблемалар болса, Мемлекеттік техникалық қызмет қажетті көмектерін жасайды, сондай-ақ байланыс операторлары да өздерінің көмектерін іске асырады», - деді Асқар Жұмағалиев.

Өз кезегінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова министрлік заңға қайшы мазмұндағы материалдарды анықтау тұрғысында интернет пен әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізетінін атап өтті. Бұл ретте бірінші кезекте лаңкестікті, діни экстремизмді насихаттау, суицидке шақыратын материалдарды тарату, есірткі мен қару сататын сайттар және әлеуметтік желілердегі парақшалар секілді заңға қайшы материалдар көптеп кездесетіні анықталып отыр.

«Егер 2016 жылы 140 мың құқыққа қайшы материал анықталса, 2017 жылы – 300 мыңнан астам, ал өткен жылы - 130 мың осындай материал тіркелді. Яғни, 2018 жылы бұл көрсеткіш төмендеді. 2019 жылы 45 мыңнан астам теріс сипаттағы материал анықталды. Анықталған заңсыз материалдың 90 пайызға жуығы - лаңкестікті насихаттауға арналған. Қалғандары есірткі тарату, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, суицидті және порнографияны насихаттауға байланысты болып тұр», - деді ол.

Нұргүл Мауберлинованың айтуынша, қауіпсіздік сертификаты нақты заңға қайшы контентті шектеуге мүмкіндік береді.

Айтпақшы, министр Асқар Жұмағалиев қауіпсіздік сертификаты аясында абонеттердің жеке деректерін жинау жүзеге асырылмайтынын атап өтті. Баспасөз мәслихатында «қауіпсіздік сертификатын орнатқаннан кейін жеке тұлғалардың мәліметтері қандай да бір жерде сақтала ма?» деген сауал қойылды.

Өз кезегінде А. Жұмағалиев бұл сертификаттың абоненттер телефондарындағы деректерге қолжетімді емес екенін атап өтті.

«Адамдардың жеке мәліметтері ешкімге де берілмейді. Өйткені бұл тұрғыда ешкім де ақпарат жинамайды. Қауіпсіздік сертификаты тек фильтр қызметін ғана атқарады, сәйкесінше, онда ақпарат жинау ескерілмеген», - деп түсіндірді министр.

Соңғы жаңалықтар