«Қауіпсіз терезе» акциясы: ШҚО-да көпбалалы отбасылардың үйіне қорғаныс құралдары орнатылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар көпқабатты үйлерде тұратын көпбалалы отбасылардың терезелеріне арнайы қорғаныс құралдарын орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша балалар терезеден құлап кеткен оқиғалар аз болып жатқан жоқ. Осыған алаңдаған құтқарушылар арнайы акция өткізді.

«Қауіпсіз терезе» акциясы аясында көпқабатты үйлерде тұратын көпбалалы отбасылардың терезелеріне жазатайым оқиғалардан сақтайтын қорғаныс құралдары орнатылды. Бұндағы мақсат – бүлдіршіндердің қауіпсіздігін сақтау, ата-аналардың назарын балаларды қараусыз қалдырмау мәселесіне аудару. Өйткені қайғылы жағдайлардың басты себебі – ересектердің жауапсыздық танытуынан», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Департамент қызметкерлері аталмыш акцияға басқа ұйымдар мен кәсіпорындарға қолдау көрсетуге шақырды.

«Осы ретте, ата-аналарға бөлмеде бала болса, терезелерді ашық қалдырмау қажеттігін ескертеміз. Терезенің тұтқасын бала өздігінен аша алмайтындай етіп бекітіңіз. Терезелердің ашылуына жол бермеу үшін арнайы қорғаныс құралдарын орнатыңыз», - делінген ақпаратта.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда соңғы үш жылда 24 бала терезеден құлап кеткенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар