Қауіпсіз қала: Қарағанды облысында үш мыңнан астам камера орнатылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 2021-2023 жылдары Қарағанды облысында «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта өңірде тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалау үшін 3 мыңнан астам бейнекамера орнатылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Камералар қоғамдық орындарда орнатылады және олар жол қауіпсіздігі үшін ғана емес түрлі қылмыстар мен заңбұзушылықтардың алдын алу үшін де пайдаланылады.

Камераларға түскен мәліметтер облыстың барлық құқық қорғау және заң органдарына түседі.

Жоба техникалық құралдарды пайдалана отырып, нақты жағдайға мониторинг жүргізіп, түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оларды ашу үшін қажетті деректерді іздеуге, қандай да бір оқиғаны жан-жақты саралауға мүмкіндік береді. Осыған қарай, 3 223 камера арқылы келген бейнебелгілерді сақтау мен өңдеудің бірыңғай орталығын, жол қозғалысы ережесін бұзу әрекеттерін тіркеудің 100 кешенін және 33 шұғыл байланыс терминалын құру көзделіп отыр.

Ол үшін Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасы Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран қалаларында және Осакаровка кентінде бейнебақылау камераларынан сигналдар алатын бірыңғай орталықтандырылған жүйе құру бойынша қызмет көрсетушілер арасында конкурс жариялады.

«Жоба бірнеше кезеңге бөлініп, үш жыл ішінде іске асырылатын болады. Оған аппараттық-бағдарламалық кешенді енгізу, бейнебақылау камераларынан сигнал алу үшін инфрақұрылым құру (кабель төсеу), қажетті жабдықты (бейнебақылау камералары, камераларды монтаждау, қызмет көрсету және т.б.) және перифериялық құрылғыларды сатып алу іс-шаралары кіреді. Жоба аясында қолданыстағы бейнебақылау камералары жаңғыртылады, жылдамдық режимінің артуын, жол қозғалысы ережелерін бұзуды және т. б. тіркей алатын жаңа камералар орнатылады», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының өкілдері.


Соңғы жаңалықтар