Қатты өкінемін: Сотталушы дәрігер Юрий Шумковтың туыстарынан кешірім сұрады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда гастроэнтеролог Юрий Шумковтың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кезекті сот отырысында айыпталушы болған жайды баяндап берді. Айтуынша, дәрігерлер екі жыл бойы оны ЛОР-дан гастроэнтерологқа жіберіп, ешкім нақты диагноз қоя алмаған.

«Алдымен лор дәрігеріне бардым. Оған тамағымның қатты ауыратынын айттым. Дәрігерлер менде бәрі жақсы екенін айтып, асқазаным ауырмаса да, гастроэнтерологқа жіберді. Бірақ олар менен гастроэнтерологтың анықтамасын талап етті. Дәрігерлер мені осылай екі жыл бойы сандалтты. Бар ақшам мен күшім емделуге кетті. Мен бәрінен қатты шаршадым», – деді сотталушы.

Айтуынша, ол Шумковпен дәрігерлер жіберген соң танысқан. Содан кейін гастроэнтерологқа қарала бастаған.

Эндоскопиялық тексеруден кейін жағдайы күрт нашарлап кеткен. Сотталушы осы сәттен бастап су да, тамақ та іше алмай қалған. Екі айда 30 келіден астам салмақ тастады.

Сонымен қатар, айыпталушы Германияға емделуге барған, ол жерде нейрохирургтардың көмегі қажет екенін білген.

Оған Қазақстанда ота жасалды. Бірақ операциядан кейін де жағдайы жақсармаған.

Сотталушы Шумковты қорқытып, одан шындықты білгісі келгенін мәлім етті.

«Мылтықты оқтап, Шумковтың көлігіне жақындадым. Қаруды көтеріп тұрып, «Шық, сөйлесуіміз керек» дедім. Шумков маған қарап, қолымен бір нәрсе іздей бастады. Мен оның қолынан қара затты байқадым. Қолындағысы қару екен деп ойлап, атып жібердім. Ол көліктен түскенде тағы бір мәрте аттым»,- деді сот барысында айыпталушы

Сондай-ақ ол болған оқиғаға қатты өкінетінін айтып, Шумковтың туыстары мен жақындарынан кешірім сұрады.

Айтуынша, дәрігерді өлтірем деп ойламаған, тек қорқытқысы келген.

Бұған дейін полиция департаментінің патруль қызметкері мен такси жүргізушісінен жәбірленуші ретінде жауап алынған болатын.

Еске салайық, былтырғы 4 сәуір күні Алматыда дәрігер емделуші пациентінің қолынан қаза тапты. Оны күдікті аңшы мылтығымен атып тастаған.

Аса ауыр қылмыс қаланың Бостандық ауданында болған. Күдікті қалада енгізілген арнайы жоспар барысында Алатау ауданы аумағында ұсталды.

Кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Юрий Шумков пен пациент арасында қандай да бір жанжал болмағанын айтты.


Фото: instagram.com/gastro.kz
Соңғы жаңалықтар