Катонқарағайда 40 мың халыққа арнап салынған аурухананың екі қабаты бос тұр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сәбит Ахметов МӘМС бойынша жұмыс істейтін емханалардың мойнында кредиторлық қарыз неге қалыптасып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізге емханалар шағымданды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан жоспар бойынша жіберілген өтінімдегі қаражаттың 30 не 40 проценті ғана түседі екен. Салдарынан науқастарды МӘМС аясында емдеуге ақшамыз жетпей жатыр, кредиторлық қарызға баттық дейді. Қордың ақшасын жекеменшік және мемлекеттік емханаларға бөлу қалай іске асады?» деп сұрады БАҚ өкілі.

Сәбит Ахметовтің айтуынша, бұл мәселені әр емхана бойынша жеке-жеке қарау керек.

«Сіз айтып отырған 30 пайыз қаражат деген - жыл басында түсетін аванс. Жыл басында емханалар жұмысын тоқтатпау үшін аванс ретінде сұратылған ақшаның 30 пайызы беріледі. Одан кейін ай сайын бөлініп отырады. Олардың кредиторлық берешегіне келсек, әр жағдайды жеке қарау керек. Өйткені себептері әр түрлі болуы мүмкін. Кей емханаларда штат санына байланысты түскен табысынан жұмсалған шығыны асып кетіп жатады. Мысалы, Катонқарағайда (Шығыс Қазақстан облысы - ред.) емханамыз бар. Ауданы 19 мың шаршы метр болады. Әуелде 40 мың халық бар деген есеппен салынған. Қазіргі таңда ол жерде 10 мың адам тұрады. Сондықтан екінші қабат пен үшінші қабат бос тұр. Ол жақта қыс ұзақ екенін білесіз. Жылы ұстау керек дегендей. Түскен ақшаның бәрі осындай шығындарға кетіп қалады да, қарыз болып қала береді», - деді қор басшысы.


Соңғы жаңалықтар