Катонқарағай ауданының тұрғыны Астанадан пәтер ұтып алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Катонқарағай ауданы, Үлкен Нарын ауылының тұрғыны Меруерт Кәрменова Астанадан пәтер ұтып алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«Астанадан пәтер ұтып алдыңыз» деген сүйіншіні ол алдымен телефон арқылы естіген. Артынан телефонына Алматыда тікелей эфирде өтіп жатқан ұтыс тарату салтанатының видеосы да келеді.

«Басында әрине сенген жоқпын, «сіз Астанадан пәтер ұтып алдыңыз» деп телефон шалған кезде қазіргі кезде көп айтылып жүрген алаяқтық әрекеттердің бірі шығар деп ойладым. Артынан бірден видео келді, ол жерде менің есімім аталып, телефон нөмерім көрсетіліп жатты», - дейді Меруерт Кәрменова.

Кәрменовтар отбасының кенжесі Ерсін жуықта ғана халықаралық көркем сөз оқу шеберлері сайысының жүлдегері атаныпты. Үйдің үлкені Ақжол жасы толып, қолына жеке куәлігін алған. Осыған байланысты аналары екі ұлға да ұялы телефон сыйға тартпақ болған.

«1 желтоқсан күні ұлдарыма уәде еткен сыйлықтарын  сатып алып беру үшін Зырян қаласына бардым. Тұрмыстық техника сататын танымал дүкендердің біріндегі сатушы, тауарды жеңілдік арқылы несиеге алуға кеңес берді. Үш пәтердің ұтысқа қойылғанын «2018 сыйлық және Астанадан үш пәтер» атты акция жүріп жатқанын да сол жерде айтты. Дәл сол сәтте  акцияға онша мән бермегенімді де жасырмаймын. Қажетті анкетаны толтырып, тауарымды алып, ойымда түк жоқ ауылыма қайтып кетіп едім, - дейді ұтыс иесі.

17 желтоқсанда  Астанадан пәтер ұтып алғандарын білген Кәрменовтар отбасына, тұрмыстық техника сататын фирманың өкілдері 21 желтоқсан күні келіп арнайы сертификатты тапсырып кетіпті. Меруерттің айтуынша,  акция жеңімпазының міндетті салық төлемдері жауапкершілігін компания басшылығы өз мойындарына алған.

Қазір Меруерт Кәрменова Астанадағы пәтерінің құжаттарын реттеу үшін жолға дайындалып жатыр.

Соңғы жаңалықтар