Қатерлі ісіктің неден пайда болатынын білсе, медицина оның емін табар еді - дәрігер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қай мемлекетте болмасын, ұлт саулығы мәселесін қозғағанда бала денсаулығы бір табан жоғары тұратыны анық. Ұрпағының саулығы үшін кез келген билік бар күшін салатыны белгілі. Осы орайда Қазақстанда 2012-2016 жылдарға арналған Онкологиялық көмек мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын.

Осы уақыт аралығында атан түйеге жүк болардай ауқымды істер атқарылды. Алайда балалар онкологиясы мәселесінде әлі де шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелер баршылық. Медицинаның осы бір күрмеуі қиын саласын 20 жылдан бері тізгіндеп келе жатқан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы балалар онкологиясы бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Бахрам Мәлікайдарұлы Жұмадуллаев ҚазАқпарат тілшісіне қатерлі дерт туралы айтып берді.

Бахрам Жұмадуллаев - балалардың солидты ісіктері мен лимфомаларын емдеудің бекітілген алғашқы клиникалық хаттамаларының авторы, сүйек ісігіне шалдыққан балалардың буындарын ең бірінші рет онкологиялық модульдік эндопротездеу жүйесін енгізген маман.

- 26 жылдан бері осы балалар онкологиясы саласында тер төгіп келе жатырсыз. Медицина саласын таңдауға не түрткі болды?

null

- Медицинаға адам жайдан-жай келмейді. Адам жанына араша түскісі келген, мақсаты биік адамдар келеді. Мен де мектеп бітірген соң таңдауым медицинаға түсті. Оған еш өкінбеймін. 1993 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің педиатрия факультетін бітірдім. Оқу бітірген соң алғашқы еңбек жолын балалар онкологы-хирургы, ғылыми қызметкер ретінде бастадым. 2004 жылдан бастап Қазақ онкология және радиология ғылыми инситутының балалар онкологиясы бөліміне меңгеруші болып орналастым. 2000 жылы «Балалардың сүйек ісігін емдеудегі полихимиотерапия» тақырыбында кандидаттық диссертациямды қорғадым. 2006 жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау iciнiң үздiгi» төсбелгісімен марапатталдым. 2013 жылдан бері осы орталықта еңбек етіп келемін. 2018 жылы «ҚР Онкогематологиялық қызметіне - 25 жыл» мерейлі төсбелгісімен марапатталдым.

- Бахрам аға, осыдан 20-30 жыл бұрын қатерлі дерт деген сөзді арагідік еститінбіз. Қазір әр адамның айналасындағы тым болмаса бір адамнан осы дерт туралы құлағымыз шалып қалады. Бұл немен байланысты? Бұрынырақта неге рак аурулары сирек кездесетін? Қазір ол жиілеп кетті ме?

- Қазір балалар онкологиясы туралы ақпарат көптеп айтылып жатыр. БАҚ беттерінен де, әлеуметтік желіден де жиі естиміз. Бұрын мұндайды көп естімегенсіздер. 1960 жылдарға дейін медицинада негізгі проблема инфекциялық, жұқпалы аурулар болатын. Тіпті эпидемиялар болды. Бүкіл медицинаның күші ғылыми тұрғыдан да, клиникалық тұрғыдан да сол ауруды жеңуге жұмылдырылды. Қазіргі заманда медицина жұқпалы ауруларды жеңді. Әр инфекцияны қандай қоздырғыш туғызатыны белгілі болды. Медицина соның жауабын тапты. Жұқпалы ауруларды жеңген соң онкология көзге түсе бастады. Енді қазір басқа аурулар жоқ сияқты. Бүкіл жер шары осы қауіпті дертті жеңуге ұмтылған. Ал, медицина шын мәнінде оның шығу себептерін таба алмай отыр. Табылған жағдайда адамдар рактан толық айығар еді.
null

- Қазақстанда осы аты жаман дертке шалдыққан балалардың саны қанша?

- Негізінде елімізде жыл сайын қатерлі ісікке 30 мыңға жуық адам шалдығады. Соның 600-ге жуығы - балалар. Яғни, үлкендерге қарағанда балаларда қатерлі ісік салыстырмалы түрде сирек кездеседі. 18 жасқа дейінгі балаларда қатерлі ісік саны қатерсіз ісіктерге қарағанда 10 есеге дейін аз. Соған қарамастан, қатерлі ісік - балалар өлімінің негізгі себептерінің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша, қазіргі таңда балалардың қатерлі ісік ауруы себебінен көз жұмуы - кездейсоқ оқиғалардан кейін екінші орында тұр.

- Әлемдік статистистика не дейді?

- АҚШ, Еуропа елдерінде балалар қатерлі ісігі 100 мың балаға шаққанда 15-16 балада кездеседі. Ресейде - 10-12, Беларусьте - 14-15, Түркияда - 11-12, Қазақстанда - 10-12 балада кездеседі. Балалар қатерлі ісігі үлкендерде кездесетін қатерлі ісікке қарағанда басқаша. Балаларда саркомалар (сүйектің, жұмсақ тіннің, бүйрек, көз, жыныстық бездердің, мидың, бауырдың қатерлі ісігі және гемобластоздар, лимфомалар, лейкоздар) басым, ал үлкендерде кездесетін эпителийлі ісіктер (рак) балаларда өте сирек деуге болады.

null

Кейбір қатерлі ісік балаларда туабітті және тұқым қуалайтын ісік түрлері де жоқ емес, мысалы ретинобластома (көздің қатерлі ісігі) 40% шамасында тұқыммен беріледі. Үлкендерде кездесетін қатерлі ісіктер - жұтқыншақ, асқазан, өкпе, сүт безі және де басқа қатерлі ісіктер балаларда кездеспейді, бірақ та казуистикалық жағдайлар болуы мүмкін (өте сирек кездесуі мүмкін).

- Онкологиялық аурулар - өркениеттің ауруы деп жиі айтылады. Оның пайда болуына ықпал ететін қандай факторлар бар? Әсіресе, осы аурулардың балаларда жиі пайда болуы немен байланысты?

- Жоғарыдай айтқанымдай, ғылым оның себебін әлі тап басып анықтаған жоқ. Дегенмен, бірнеше ғылыми гипотеза бар. Оның бірі - химиялық, физикалық, биологиялық факторлардың әсерінен денедегі зат алмасудың бұзылуы ісіктің пайда болуына мүмкіндік туғызуы мүмкін. Екіншіден, вирустың әсерінен жасушалардың ұрықтық және гендік қасиеттері бұзылып, ісік пайда болуы мүмкін. Үшіншіден, ұрық дұрыс түзілмегендіктен тіннің қатерлі ісікке ауысуы ықтимал. Төртіншіден, канцерогенді факторлардың, йондалған радиацияның әсерінен, балалардағы эмбрионалды тіндердің бұзылуынан қатерлі ісік пайда болуы мүмкін.
null

Мысалы, балалардағы қарқынды өсіп келе жатқан тіннен қатерлі ісік пайда болуы мүмкін. Айталық, жасөспірімдерде сүйектің қатерлі ісігі, қыз балаларда жыныстық ағзалардың қатерлі ісіктің көбірек кездесуі, кішкентай балаларада жүйке жүйесінің, бүйрек, бауыр қатерлі ісігінің көбірек кездесуі содан. Сонымен қатар, канцерогенді заттар плацента арқылы анадан балаға өтуі мүмкін. Оның әсері сырттай және іштей берілуі ықтимал. Сырттай әсері - жүктіліктің алғашқы айларында, яғни эмбриогенез кезінде канцерогенді заттардың әсер етуі және аталық немесе аналық ұрық жасаушаларының мутацияға түсуі - іштен туатын кемістіктер мен ісіктердің пайда болуына әкелуі мүмкін. Іштей әсері - радиациалық және канцерогендік заттардың анадан балаға плацента арқылы берілуі немесе ісік жасушаларының балаға плацента арқылы анасының қанынан өтуі.

Ал, енді жалпы технологияның дамуы нәтижесінде осы аурулар қанат жайды деген гипотеза да бар. Бұрын тамақ нәрлі, табиғи таза болатын болса, қазір тамақтар химиялық тәсілдермен дайындалып, көкөністер мен жер құнарсызданып барады. Қазір олардың барлығын химиялық элементтерді қолдана отырып өсіруге болады. Былайша айтқанда, гендік инженерияның ықпалы десек те болады. Адам өзіне қажетті дәрумен мен минералдарды толыққанды ала алмай жатыр.
null

- Ата-аналарға қандай жағдайда мұқият болу керек? Алғашқы белгілерін қалай анықтауға болады?

- Балалардағы қатерлі ісікті дер кезінде анықтау - қиын мәселелердің бірі. Себебі көптеген ісіктер іштен туа пайда болады, олардың басым көпшілігі көзге түспейтін жерде орналасады (бас сүйегі ішінде - мида, іш қуысы мен оның артқы бөлігінде - бауырда, бүйректе, бүйрек үсті безінде, кеуде қуысында және тағы басқа). Оған сәбидің ауруына байланысты шағымдана алмайтынын қоссақ - мұның бәрі баладағы ісікті уақытында анықтау өте күрделі мәселе екенін көрсетеді. Мамандардың тұжырымы бойынша, қатерлі ісік ауруын алғашқы сатысында анықтау және ерте ем тәсілдерін қолдану - толық айығудың негізгі себебі.

Өкінішке қарай, балалар онкологиясының тәжірибесінде ауру балалардың көпшілігі мамандандырылған ауруханаға ісіктің 3-4 сатыларында келеді. Аурудың алғашқы сатысында онкологиялық ауруханаға дер кезінде түсетін балалар саны 10 пайыздан аспайды. Ал, негізгі агрессивтік емес ем тәсілдері осы аурудың 1-сатысында уақытылы қолданылса, баланың толық жазылып кету мүмкіндігі - 100 пайыз. Ал 2-ші сатыда ауруды емдеу - 4 есе, 3-ші сатыда - 6 есе, 4-ші сатыда - 10 және одан да көп есе көбеюі мүмкін және емнің нәтижесі де едәуір төмен болады. Ата-аналар ғана емес, көптеген дәрігерлер де балаларда қатерлі ісік дерті жоқ деп бейқам жүре береді. Бұл бейқамдық үлкен өкінішке апарады.

null

Барлық қатерлі ісікке тән жалпы бастапқы белгілер - тәбеттің нашарлауы, сонымен бірге баланың арықтап кетуі, тері қабатының боздануы, дене қызуының түсініксіз көтеріле беруі, көңіл-күйдің нашарлауы, тез шаршау, жылағыштық, ұйқының бұзылуы, ойынға ынтасының азаюы. Ата-аналар, біріншіден, бұл аурудың басқа ауру түрлері секілді (мысалы, инфекция ауруының бастапқы белгілеріне ұқсас) белгі беретінін есте ұстағаны ләзім. Екіншіден, бала аурырсынса, немесе жұмсақ тінде, іште және ағзаның басқа бір жерлерінде ісік байқалса, ол ісік ауырмайтын болса да, тез арада дәрігер маманға қаралу керек.

- Балаларды айтпағанның өзінде, ересектерді қатерлі ісік дертінен емдеу оңай емес. Ендеше, балаларды бұл дертпен емдегенде қандай әдіс-тәсілге жүгінесіздер?

- Емдеу үлкендерде де қолданылатын үш тәсілмен жүргізіледі. Олар: хирургиялық (ота жасау арқылы ісікті алу), химиятерапиялық (нәтижесі жоғары химиялық дәрілермен емдеу) және сәулемен емдеу. Әрине, емдеу әдістері ісіктің түріне байланысты. Егер ісік лимфома немесе лейкоз ауруы болса, онда ісікке қарсы арнайы дәрімен /химиотерапия/ және сәулемен емдеу әдістері қолданылады. Егер ісік басқа тіндерден шықса, онда ота амалы да қосылады, яғни, ем кешенді болуы керек - ота, химиотерапия, сәулемен емдеу.
null

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар