+7 (701) 759 90 19
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80
Jańalyqtar

Қатерлі ісікке шалдыққан бір науқасты емдеуге жылына 30 млн теңге жұмсалады

2020 жылғы 15 қыркүйек 17:20
Бөлісіңіз:
Қатерлі ісікке шалдыққан бір науқасты емдеуге жылына 30 млн теңге жұмсалады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қатерлі ісіктің асқынған түрімен ауыратын бір науқасты емдеу үшін жылына 30 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл туралы Дүниежүзілік лимфомалармен күрес күніне орай ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев мәлімдеді.

Ұқсас жаңалықтар

«Онкологияның 3,4-ші сатысындағы бір науқасты емдеу үшін жылына 30 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл біздің емдеу мекемесі үшін өте ауыр. Бұған қоса, асқынған түрдегі ісік дертінен толық сауығып кету мүмкіндігі аз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев.

Сондай-ақ, Мұхтар Есенжанұлы емделу үшін Еуропа елдеріне баратын азаматтар саны жыл сайын артып келе жатқанын мәлімдеді.

«Біздің санамызда «шетелде бәрі жақсы» деген ұғым қалыптасып қалған. Оған қоса, обыр ауруын бизнестің көзіне айналдырғандар бар. Мәселен, қазір Еуропада жақсы ем көрсетеді, тез сауығып кетуге мүмкіндік мол деген жарнамалар көп. Осындай ақпаратқа сеніп, өзге жаққа кететіндер аз емес. Отандық медицина олардан кем түспейді және ҚР кез келген азаматы тегін, мемлекет есебінен емделеді. Ал шетелге барып, ем алған азамат ең кемінде 50-60 мың АҚШ долларын жұмсайды», - деп мәлімдеді Мұхтар Төлеутаев.

Бұдан өзге, онколог-дәрігер қатерлі ісікпен ауырып, оған қоса коронавирус жұқтырған науқастар туралы деректі бөлісті.

«Осы уақытқа дейін қатерлі ісікпен ауыратын 200-ге жуық азамат коронавирус жұқтырды. Инфекцияның кесірінен 14 науқас көз жұмды. Олар онкологияның 3,4-ші сатысындағы адамдар. Ауыр жағдайда жатқан азаматтардың ауруын коронавирус одан сайын өршітіп жіберді. Ал 180-ге жуық адам қажетті емін алып, қазргі таңда үйіне оралды», - деді дәрігер.

Мұхтар Төлеутаевтың айтуынша, қазақстандықтар алғашқы ауру белгілері пайда болғанда дәрігердің көмегіне жүгінбейді. Жыл сайын ұйымдастырылатын скринингтен өтуге де көпшілігі келмейтін көрінеді.

«Қалыпты жағдайда бұрын-сонды болмаған ауру белгілері пайда болса, бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Ол обырдың 1,2-ші сатыларында диагноз қойып, ем-дом шараларына кірісіп кетуге мүмкіндік береді. Ал біздің азаматтар дертін асқындырып, амалы қалмаған кезде келеді. Бұдан бөлек, обырдың басқа да аурулар сияқты үнемі мутацияға түсіп отыратынын ескерген жөн. Ісік ағзада дамығандықтан, онда барлық адам бойындағы клеткалар орналасады. Ісік жиі мутацияға ұшырағандықтан, дәрі-дәрмекке тез бейімделеді. Яғни, қолданылып жүрген дәрі аз уақыттан соң әсер етпей қалуы мүмкін. Сондықтан оның өзгерген түрін арнайы тәсілдермен анықтап, әрі қарай ауыр дәрі қолдануға тура келеді», - дейді онколог-дәрігер Мұхтар Есенжанұлы.

Мұхтар Төлеутаевтың мәліметінше, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 187 мыңнан астам қазақстандық қатерлі ісікке шалдыққан. Яғни, әрбір 100 мың адамның 76-сында обыр бар. Ал аталған дерттен 2019 жылы қаза болғандар саны - 14 145 адам.

Автор: Әлихан Асқарұлы


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT