Қатерлі дертке шалдыққан балаларға коронавирус қауіпті ме – Онкогематолог жауабы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрайымы, медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаева қатерлі ісікпен ауыратындардың неге COVID-19-ға осал екендігін және карантин кезінде қосымша сақтық шараларын қабылдау не үшін қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, қатерлі ісікке қарсы белсенді емдеу сатысында тұрған кез келген онкологиялық науқас жоғары қауіп тобына жатады. Коронавирус инфекциясының қосылуы жағдайды нашарлатуы мүмкін.

«Біздің пациенттеріміз инфекция және аурудың ауыр ағымы тұрғысынан жоғары қауіп тобына жатады. Егер емдеудің асқынулары болса, қауіп артады. Індет басталып, үдеген кезде біздің орталықта 20 бала коронавируспен ауырды. Бұл балалар химиотерапия алады және емдеу курстары арасындағы үзіліс кезінде үйлеріне барады. Дәл сол кезде олар вирус жұқтырып алған сияқты. Біз КВИ жұқтырған балаларды жұқпалы аурулар ауруханасына жібермеу жөнінде шешім қабылдадық, өйткені қатерлі ісікпен ауыратындар арнайы емдеу мен ерекше күтімді қажет ететін осал топтардың бірі саналады. Сондықтан біз орталықта коронавирус жұқтырған балалар үшін жеке инфекциялық бокс аштық, осылайша оларды басқа балалардан толығымен оқшаулай алдық. Бақытымызға орай, бұл балалардың көпшілігі аурудың жеңіл түрімен ауырды», - деді Риза Боранбаева.


Дәрігер түсіндіргендей, бес балада коронавирус ауруы асқынып кетті.

«Асқынуы бар балалар реанимация жағдайында қарқынды ем алды. Олар дәрігердің қатаң бақылауында болды. Қазіргі уақытта бұл науқастардың жағдайы жақсы. Барлық балалар коронавирус инфекциясынан толық айығып, қазір қатерлі ісік ауруынан негізгі емдерін жалғастыруда», - деді дәрігер.

Сонымен қатар, Риза Боранбаева Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қазіргі уақытта балалардағы коронавирус инфекциясына қатысты екі ғылыми тақырып зерттеліп жатқандығын жеткізді.

«Биыл біздің докторанттар қазіргі індетке байланысты екі ғылыми жұмысты қолға алды. Ғылыми зерттеу тақырыптары COVID-19 расталған аналардан туған нәрестелердегі асқынулардың жиілігіне COVID-19-дың әсерін зерттеуге бағытталған. Сондай-ақ, иммуносупрессивті терапия аясында және онсыз COVID-19-ға шалдыққан балалардың жасушалық және гуморальдық жауаптарының көрсеткіштерін салыстырмалы талдау», - деді Риза Боранбаева.


Соңғы жаңалықтар