Катар Қазақстанға 9 тонна гуманитарлық көмек жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанға «Qatar Airways» әуе компаниясының арнайы рейсімен 9 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Катар Әмірі ұлы мәртебелі шейх Тамим бен Хамад Әл-Тәнидің тапсырмасын орындау мақсатында бүгін катарлық әуе желісімен гуманитарлық-медициналық көмек тиелген чартерлік рейс келді. Бұл көмектің Қазақстан Үкіметіне коронавирустық инфекцияны жеңуге көмектеседі деп үміттенемін. Жалпы салмағы 9 тонна болатын көмекте маска, халат, қорғаныс құралдары бар», - деді Қазақстан Республикасындағы Катар елшісі Абдулазиз бен Султан Аль-Румейхи Нұр-Сұлтан әуежайында.


Елші Катардың бірқатар елдерге гуманитарлық көмек көрсетіп жатқанын жеткізді.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры Ержан Мұқаштың айтуынша гуманитарлық жүкте дәрілік заттар мен препараттар жоқ. Катардың көмек жіберетіні туралы ақпарат үш күн бұрын белгілі болған.

«Уағдалстық бойынша гуманитарлық көмекті күтіп аламыз. Бұл үшін Катарға алғыс айтамыз. Катар - елімізге көмек көрсеткен Араб елдері арасындағы екінші мемлекет. Бір ай бұрын Біріккен Араб Әмірліктері гуманитарлық көмек жіберген еді. Көмек қазақстандық тараптың өтінішімен беріледі», - деді Е. Мұқаш.


Гуманитарлық көмекті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» ЖШС өкілдері қарсы алды және еліміздің медициналық ұйымдарына таратылады.


Соңғы жаңалықтар