Катар әмірі Қазақстанға сапармен келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Катар әмірі – шейх Тамим бен Хамад әл-Танидің Қазақстанға сапары жоспарланған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің отырысымыз басты сипатқа ие. Өйткені, ол Ұлы мәртебелі Катар әмірі – шейх Тамим бен Хамад әл-Танидің Қазақстанға сапары қарсаңында өтіп отыр. Осынауб асты шара екі елдің қарым-қатынасын жандандыруға қуатты серпін беруге қызмет етіп, халықтарымыз арасындағы достық байланысты көрсете түседі. Біз үшін бұл зор мәртебе әрі жоғары деңгейдегі жауапкершілік», - деді бүгін Қазақстан-Катар жоғары деңгейдегі бірлескен комиссиясының 5-отырысын ашқан Руслан Дәленов.

Қазақстан министрінің айтуынша, өткен жылы екіжақты өзара іс-қимыл үшін нәтижелі болды. Атап айтқанда, 2019 жылдың маусымында екі елдің басшылары АӨІСШК саммиті алаңында жүздесті. Қыркүйекте бірқатар парламентаралық кездесулер болса, қарашада ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы бастаған қазақстандық делегация Катарға сапарлады. Сол кезде Қазақстан мен Катардың жауапты ведомстволары арасындағы бірлескен жұмыстың оң серпіні аталып өтілді.

«Тек соңғы бірнеше айдың ішінде ғана Қазақстан басшылығы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды шаралар кешенін қабылдады. Сөз Катар азаматтарын 2019 жылдың 1 қазанынан визалық талаптарын жеңілдету, әуе қатынасы туралы меморандумға қол қою жайында болып отыр. Меморандумға сәйкесе, «Qatar Airways» компаниясы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына аптасында 7 жолаушылар рейсін, сондай-ақ Доха мен Алматы арасында 7 жүк рейсін орындай алады. Осы оқиғалардың барлығы да сан қырлы ынтымақтастықты тереңдетуге екі жақтың да ұмтылысына дәлел бола алады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар